Кез-келген кісі туралы сөз бастағанда ең әуелі ол не бітірді, не тындырды деген сауалды өзімізге-өзіміз қоюымыз заңдылық. Белгілі бір саланы меңгеріп, сол арқылы ел мақтанына айналып, халық құрметіне бөленіп жүрген азаматтар Сарысу ауданында да баршылық.
Әркімнің де бойында өзі сенген ісін орындауға қажетті күш-жігер мен ерік бар. Осы асыл қасиеттерді бір-бірімен үйлестіре отырып, бойындағы, санасындағы қарым-қабілетімен халқының қамын ойлаған, елінің абыройын арқалаған аналарымыздың бірі – Людмила Никитичина.
Кез-келген мамандықтың өзіне тән қызығы мен ауыр тұстары болады. Сондықтан өз ісінің маманы атану көп еңбектеніп, ізденуді қажет етеді. Оған қоса, сол мамандыққа, кәсіпке деген адамның ерен ықыласы, сүйіспеншілігі болу керек. Екінің біріне өз ісіне маманы болудың бұйырмайтыны осындай қасиеттердің жетпей жататынынан. Өз ісінің маманы да, көпшіліктің адамы да бола білген абзал жандардың бірі ретінде Обухова Людмиланы айтуға болады.
Осы қызмет атқарған уақыты аралығында өзін білікті маман ретінде көрсете білді. Кейінгі жас әріптестерімен өзінің кәсіби тәжірибесімен бөліседі. Сонымен қатар жас қызметкерлерге еңбекке деген сыйластықты, адалдықты және адамгершілікті, қиындықтарды өз бетімен жеңе білуді үйретті. Жалпы ұжым ішіндегі тәрбие жұмыстарына сонымен қатар ауданның гүлденуіне өз үлесін қосқан азаматша.
Людмиланы жалпы дүйім аудан жақсы таниды десек артықтық етпес. Сексенге шыққан бұл кісінің ұрпақ тәрбиесіне, экономика саласына сіңірген еңбегі зор. Қимылы шапшаң апамыз әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес.
Ақсақалдан бата алған – Құдайдың рахметіне жолығар» демекші, сексен жасқа толу мерекесімен Людмила Никитичинаны аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев арнайы құттықтау жолдап, аудан, қала әкімдігі ұжым тарапынан ерекше құрмет көрсетті.
Қызметтің қай саласында болмасын, Людмила еңбекқорлығымен, талапшылдылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, үлкенмен де, кішімен де, ханмен де, қарамен де жатсынбай тіл табыса алатын кішіпейілділігімен елдің де, кейінгі толқын әріптестерінің де есінде. Мұндай құрмет кез- келген жанның еншісіне бұйыра бермейтін бақыт екені анық.
Сондықтан да бүгінгі күні сексен жастың сеңгіріне келген апамыздың өнегелі өмір жолы ұрпақтарына үлкен өнеге болары анық.
Олай болса тақырыбымызға арқау болған Обухова Людмила Никитична туралы қысқаша ақпарат беріп өтсек:
Ол 1942 жылы 15 қазанда Украина КСР, Хмельнинка облысы, Старосеняв ауданында дүниеге келген. Ұлты – орыс.
1960 жылы Бийск қаржы техникумына оқуға түсті. 1963 жылы Кемерово облысының Осиники ауылына жұмысқа жіберілді, онда 1970 жылға дейін Осиниск коммуналдық шаруашылығында кассир болып жұмыс істеді.
1970 жылы комсомол құрылысы бойынша Қазақ КСР Жамбыл облысы Жаңатас қаласына келіп, сол жылдың 13 маусымында Жаңатас қалалық атқару комитетінің орталықтандырылған бухгалтериясына аға бухгалтер лауазымына қабылданды.
2008 жылы зейнеткерлік жасқа толуына байланысты лайықты зейнетке шықты.
Жұмыс барысында өзін қаржы саласының кәсіби қызметкері ретінде көрсетіп, жұмысқа деген адалдығы үшін көптеген Құрмет грамоталарымен және наградалармен марапатталды.
Ұзақ жылғы адал еңбегі үшін 1984 жылы 16 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жамбыл облыстық халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің 1984 жылғы 27 маусымдағы шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай 2001 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатын алды , Астананың 10 жылдығына орай мерейтойлық медальмен марапатталды.
2019 жылы Жаңатас қаласының 50 жылдығына орай мерейтойлық медальмен марапатталды.
2021 жылы ардагерлер кеңесінің төрағасы «Сарысу ауданының құрметті ардагері» медалімен марапатталды.
Дариха Үмбетиярова