Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі

Жамбыл облысында ауылдық білім беру жүйесін дамытуға және педагогтердің кәсіби әлеуетін нығайтуға бағытталған «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» семинар-тренингі өтті. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Ауыл» партиясының және Жамбыл облысы әкімдігінің бірлескен ұйымдастыруымен жүзеге асуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде Қазақстанның тұрақты дамуы ең алдымен мықты, интеллектуалды әрі адал ұрпақ тәрбиелеуге тікелей байланысты екенін бірнеше рет атап өткен. Президенттің айтуынша, қоғамдық құндылықтарды жаңғырту, жауапкершілігі жоғары, әділетті және еңбекқор азамат қалыптастыру — білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты.

Семинар жұмысына ауыл мектептерінің басшылары мен педагогтері, ата-аналар комитеттерінің өкілдері, облыстық және аудандық білім басқармаларының мамандары, сондай-ақ әкімдіктер жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.

Іс-шараны ашқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов ауыл мұғалімдерінің рөлін ерекше атап өтті. «Ауыл мұғалімі -бір ғана ауылдың емес, бүкіл елдің дамуына ықпал ететін негізгі тұлға.» Бүгінгі семинар -педагогтердің кәсіби өсуіне жаңа серпін беретін маңызды алаң», — деді депутат. Ол ұстаздарды қолдау шараларын кеңейтудің маңызын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Айгерім Сарсенбаева бұл бастама Комиссияның отбасы институтын нығайту және білім беруде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету саясатына толық сәйкес келетінін айтты. «Ауыл мектебі — ауылдың ертеңі, оның болашағы. Балалардың сапалы білімге қол жеткізуі — тек мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті», — деді ол.

«Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжанов: “Бүгінгі іс-шараның жақында ғана Президент жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының ішкі саясатының қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын түсіндіру тұрғысынан да маңызы зор”, – деп атап өтті. Жамбыл облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова өңірдегі педагогтердің біліктілігін арттыру бағытындағы бағдарламалар туралы ақпарат ұсынды.

Пленарлық отырыста Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Руслан Қаратабанов құндылыққа негізделген «Адал азамат» білім беру бағдарламасының нәтижелерімен бөлісті. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Алмагүл Мукушева ауыл мектептерін дамытудың жаңа тұжырымдамалық тәсілдерін таныстырды.

Секциялық талқылаулар барысында интернет және ойынға тәуелділіктің алдын алу, жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу, ауыл түлектерінің халықаралық білім бағдарламаларына қолжетімділігін кеңейту, сондай-ақ мектеп пен жергілікті қауымдастық арасындағы коммуникацияны нығайту мәселелері қаралды.

Практикалық ұсыныстарымен спикерлер Эльмира Әлиева, Айнұр Аужанова, Тойжан Омарова және София Абдуразакова бөлісті.

Семинар-тренинг қорытындысы бойынша қатысушылар ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі және ұзақ мерзімді қолдау қажеттігі жөнінде ортақ ұстаным қалыптастырды.

Comments (0)
Add Comment