АБЫЛАЙ ХАННЫҢ АМАНАТЫ – ЖЕҢІС ТУЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Қазақ – қазақ болғалы бері қилы замандарды бастан кешті. Тәңір «тарту еткен» тағдырдың талай тосынсыйы тұралатса да, ұлт болып ұйыса білген Алаш баласы бұл күні Қасиетті Тәуелсіздігінің Туын тұғырлы етіп жеке дара мемлекет болып қалыптасты.

Өткенге бір сәт зер салсақ, Шығысында Шың патшалығы, Солтүстігінде Ресей империясы, ортасында ойран салған ойрат, Оңтүстікте өктемдік еткен Орта Азия хандықтары қазақты қалжыратпай қоймаған. Осының бәрінен асқан саяси қайраткерлігімен айласын асырған Абылайдың арқасында үш жүздің баласы ұлтқа бірігіп, тұтас мемлекетке құрылғанын тарихтан жақсы білеміз.

Әңгімені Абылайлап, арыдан бастауымыз да текке емес. Ұлы ханның қаншама жыл қан кешкен ұрыстарда Жеңіс Туының желегін желбіреткенін бәріміз білгенімізбен, сол Тудың өзі күні бүгінге дейін ел ішінде сақталғанын бәріміз біле бермейміз.


Әрине, әруақты Абылай жауға жалғыз шаппады. Оның жанында елді, қауымды басқарған сенімді серіктері болды. Солардың бірі – ханның арнайы әскери қолын басқарған Жауғаш батыр Қырбасұлы.

Ол Абылай ханның қолбасшыларының бірі ғана емес, ханның өзі «Жаралы жолбарысым» деп атаған жанына жақын жандардың бірі болған. 1756 жылы қытайлармен болған соғыста жараланған Абылай ханды Жауғаш батыр жау ортасынан аман-есен құтқарып алып шыққаны да тарихтан белгілі.

Жауғаш тек батырлығымен ғана емес, білімді мәмілегер ретінде де танылған. Қазақ хандығының қытай және қырғыздармен келісімге келуіне елшілік етіп, ерен еңбек сіңірген. Тапсырмаларының үнемі үдесінен шыққан Жауғашқа ханның “Іздесем де табылмас, Жауғашжан, сендей құбаша ұл” деп айтқаны Абылайдың ақылгөйі Бұхар жырау жырларынан бізге дейін жеткен. Бұл бір ауыз сөздің өзінен-ақ, батырдың жанында болуы – ұлы хан үшін қаншалықты маңызды болғанын анық ұғуға болады.

Жауғаш батырдың Абылай ханмен байланысы оның өмірінің соңына дейін жалғасқан. Жоңғарлармен болған талай соғыстарда көтерген Жеңіс туын Жауғаш батырға аманат етіп тапсырғаны – хан мен батыр арасындағы баянды байланысты, селкеу түспес сенімді білдірсе керек сірә.

Абылай хан аманаттаған сол Жеңіс Туы бүгінде мерейлі Меркі өңіріндегі Жауғаш батыр ұрпақтарының қолында қаз қалпында сақтаулы тұр. Әз халқымыз аманатқа қиянат жасауға әсте болмайтынын әу бастан-ақ басты ұстаным еткен болса, Абылайдай ұлы ханның аманатын арқалау – айтып жеткізе алмайтын, салмағы ауыр жауапкершілік болса керек. Ал осы бір қағиданы темірқазық етіп қаққан Жауғаш батыр ұрпақтары аманатқа деген адалдықтың ақ туын құлатпай, Абылайдың Жеңіс туын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.

Әрине, Абылайдың Туы біз үшін көздің қарашығындай құнды жәдігер екені анық. Сол құндылық Жауғаштың жетінші ұрпағы болып келетін Тоқтар Сансызбаевтың шаңырағында ақ сандықта аққа оралып, қымтаулы күйінде сақтаулы екен.

Араға 16 жыл салып сол сандықты қайта ашады дегенді есітіп, біз де арнайы сонда асыға жетіп бардық. Өйтпегенде ше? Ұлыларын ұлықтап, құндылықтарын қастерлей білген қазақпыз ғой. Абылай ханның жауға жасаған жорықтарында жеңістің жолашары болған Қасиетті Туды көзбен көріп, қолмен ұстау кімге болса да үлкен бақыт емес пе? Сондықтан да жиналған жұрттың қарасы қалың. Әйтсе де біздің мақсат бөлек. Қасиетті Туға тәу етіп, ұстап көріп қана қоймай, көргенімізді өзгемен бөлісу. Орайы келгенде мүмкіндікті мүлт жібермей, алтын жалатылған Тудың өлшемдерін алып, көшірмесін жасап аудандық музейге экспонат ретінде қою. Ол үшін аудандық тарихи-өлкетану музейінің инспекторы Талғат Сұлтановтың ұйымдастыруымен Тараз қаласынан арнайы зергер-реставратор маман да шақырылды.

Сонымен, алыс-жақыннан келген ағайынның басы қосылған соң, алдымен Жауғаш батыр рухына арнап құран бағышталып, ас берілді. Содан кейін барып біссімілләсін айтқан жұрт ақ сандық тұрған төргі тамға қарай ойысты.

Ақ сандық ашылып, ішіндегі Жеңіс Туы мен Жауғаш батырдың сауытының құрамдас бөліктері үстел үстіне қойылғанда, қайран батыр бабаларымыздың қасиеті болса керек, белгісіз құдірет күш денеңе бойлап, қаныңды тулатып жатқандай күй кешеді екенсің. Ал енді Тудың өзін қолыңа ұстаған сәттегі сезімді сипаттауға сөз жетпес, сірә. Құдды бір, Абылайдай хандарымыз атой салып, Жауғаштай батырларымыз жортып өткен Тұран даланың төскейін қас-қағым сәтте қарғып өткендей жүрегім алқымға бір-ақ тіреліп, үнсіз ғана күй кешіп жаттым.

Қазыбек КАМАЛ, Меркі ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Comments (0)
Add Comment