№59 мекемесінде Білім күні аталып өтті

2025 жылдың 1 қыркүйегінде Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №59 түзеу мекемесінде ерекше әрі маңызды оқиға өтті — мұнда білім алып жүрген сотталған азаматтар үшін Білім күні салтанатты түрде аталып өтті.

Бұл күні мектеп оқушылары мен ұстаздарымен қатар, мекеме әкімшілігі, педагогикалық құрам және сотталған азаматтар жиналды. Іс-шара барысында білім жолына қадам басып жатқан азаматтарға жылы лебіздер айтылып, білім алудың маңыздылығы мен оның өмірге оң әсері кеңінен атап өтілді.

Мекемеде жұмыс істейтін кешкі жалпы білім беру мектебі – сотталған азаматтарға білім алуға, өзін-өзі дамытуға және болашақта қоғамға толыққанды азамат ретінде қайта оралуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын 30-ға жуық сотталған азамат аттады. Олардың арасында мектептегі білімін алғаш рет бастап жатқандар да, бұған дейін оқуын жалғастырып келгендер де бар.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген мектеп басшысы мен мекеме қызметкерлері жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оқушыларға табыс тіледі.

Білім күні – бұл тек оқу жылының басталуы ғана емес, сотталған азаматтарға үміт сыйлайтын, олардың өмірге деген көзқарасын өзгертуге ықпал ететін маңызды күн. Білім беру – түзеу процесінің бір бөлігі, ал білім алуға ұмтылыс – болашаққа ашылған жарық жол.

Comments (0)
Add Comment