Жамбыл облысының «Тараз» индустриялық аймағында жылына 70 мың тонна жоғары сапалы күйдірілген әк өндіретін зауыт ашылды.
Салтанатты іске қосу рәсіміне өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, «Жамбыл Invest: жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары» республикалық баспасөз турына келген журналистер және жергілікті тұрғындар қатысты.
Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу саласына инвестиция тарту туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Инвестициялық құны 2 млрд теңге болатын кәсіпорын 100 жаңа жұмыс орнының құрылуына ықпал етті.
– Бүгінгі бастама – ел Президенті жүктеген міндеттермен толық үйлесетін нақты қадам.Біздің мақсатымыз – өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеретін өндірістерді арттыру және инвесторлармен өзара тиімді әріптестік орнату. Бүгін іске қосылған жоба – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі.Облыс әкімдігі инфрақұрылым тарту, инженерлік желілермен қамтамасыз ету және қажетті әкімшілік қолдау көрсету жұмыстарын орындап отыр.Инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруды бұдан әрі де жалғастырамыз.Жаңа өндіріс орны еліміздің өркендеуіне үлес қоса берсін! – деді Ербол Қарашөкеев.
Өндіріс ошағы қажетті шикізатты жеке карьерінен алады, бұл әктасты қазудан бастап дайын өнім шығаратын кезеңге дейін сапаны тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Өнім өндірушісі – «KazGeoEnergy» ЖШС, өңірдегі 1-сыныпты әк шығаратын жалғыз кәсіпорын.
Зауыт заманауи технологиялармен және озық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оның ішінде немістің Siemens AG мониторинг жүйесі орнатылып, өндірістің барлық кезеңінде сапаны жоғары дәлдікпен бақылауды қамтамасыз етеді.
Өндірілетін күйдірілген әк экономиканың негізгі салаларында кеңінен қолданылады:
Құрылыс саласында – байланыстырғыш материал ретінде, силикат кірпіш, цемент, газоблок, сылақ өнімдерін дайындауда;
Металлургияда – қоспаларды бөліп алу және кенді байыту кезінде флюс ретінде;
Химия өнеркәсібінде – сода, кальций карбиді, ацетилен, бояу-лак өнімдерін өндіруде негізгі шикізат ретінде;
Азық-түлік өнеркәсібінде – қант, нан, сүт өнімдерін әзірлеуде, сондай-ақ Е-529 тағамдық қоспасының құрамына кіреді.
Жаңа зауыт өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызды қадам болып отыр. Ол облыс экономикасына елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, импортты алмастыруға және отандық өнеркәсіпті нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, өңір өнеркәсіп саласында жаңа рекорд орнатты: 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында 919 кәсіпорында еңбек ететін 41 мың адамның күш-жігерінің нәтижесінде 1 трлн теңге көлемінде өнім өндірілді. Бұл көрсеткіш Жамбыл облысын республиканың барлық өңірлері арасында бірінші орынға шығарды.