Манчестерде (Ұлыбритания) Честер қалалық ауруханасының неонатология бөлімінде жеті нәрестені өлтіріп, тағы он сәбиді өлтіруге оқталды деп айыпталған медбикеге қатысты сот отырысы өтіп жатыр деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, Летби шала туған нәресте қызды өлтіруге үш рет әрекет етіп, пиғылын төртіншісінде іске асырған. Ол баланы өлтірген соң ата-анасына көңіл айту қағазын жолдаған.
Алайда, медбике өзіне тағылған 22 айыптың бәрін жоққа шығарды.
Бұл – жалпы профильдегі көпсалалы аурухана. Айыптаушы Ник Джонсонның айтуынша, оның неонатология филиалында сәбилерді әдейі улайтын адам жұмыс істеген.
«2015 жылдың қаңтарына дейін графиня Честер ауруханасының неонатология бөлімінде нәресте өлімінің статистикасы басқа бөлімдермен шамалас еді. Алайда, келесі бір жарым жыл ішінде көз жұмған сәбилер саны күрт өскен», – деп атап өтті ол.
Бұл өсімді аурухана консультанттары да байқады. Оларды таңқалдырғаны – есінен танған балаларға уақтылы жүргізілген реанимациялық шаралардың көмектеспегені, ал кейін кейбіреулері күтпеген жерден және толығымен сауығып кеткен.
Бөлімдегі өлім мен аяқасты сауығып кету жағдайларының себептері анықталмағанымен, оның бәрінде медбике Люси Летби болғаны белгілі болды.
Аурухана басшылығы қызметкерді күндізгі ауысымға ауыстырып, полициядан тергеу жүргізуін сұрады.
Полицейлер Летбидің үйін тінтіп, қай балаға қандай дәрі салғаны жазылған күнделігін тапты.
Летби болса, өзіне тағылған айыптың бәрін теріске шығарып, сәбилерге саналы түрде зиян келтіру ойына кіріп-шықпағанын айтты.
Сот жалғасып жатыр.