Облыс орталығы Таразда «Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жұмыс жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған еді. Аталған жобаға сәйкес биыл 19 сәуірде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған.
– Бұл жоба қала тұрғындары үшін өте маңызды. Осы арқылы облыс орталығындағы жылу желілерінің мәселесі түбегейлі шешілмек. Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталып, балалар мектепке барады. Тұрғындарға қолайсыздық тудырмау үшін жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын жеделдетуге тиіспіз. Әсіресе, мектепке баратын жолдарды тезірек қалпына келтіруге көңіл бөлген жөн, – деген шаһар басшысы бұл бағытта жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Бұдан кейін қала әкімі облыс орталығындағы жол жөндеу жұмыстарының барысына қанықты.
Бүгінде Тараздың қай түкпіріне барсаңыз да жол жөндеу жұмыстарын көзіңіз шалады. Әсіресе, көлік қозғалысы көп, тұрғындар жиі қатынайтын көшелер басты назарға алынған.
Аталған құрылыс жұмыстары бірнеше бөліктен тұрады. Қазіргі таңда Қосы батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін асфальт салынса, қалған бөліктерде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүруде.
– Мен үнемі қадаға күшеймей, құрылыс сапалы болмайтынын айтып келемін. Бұл әрбір мердігердің ұстанымына айналуға тиіс. Пушкин – орталық көшелердің бірі. Мұнда қатынайтын көлік қозғалысы да, жаяу жүргіншілер де өте көп. Құрылыс жұмыстары қыркүйекте мектепке баратын балаларға қолайсыздық тудырмас үшін 1 апта, әрі кетсе 10 күннің ішінде асфальттің алғашқы қабатын төсеп, жаяу жүргіншілер жолын тезірек аяқтауды назарға алыңыздар, — деген Бақытжан Әмірбекұлы осы бағытта нақты тапсырмалар жүктеді.