WhatsApp желісінде 40 күн бойы әлемде ауа температурасы Цельсий бойынша 50 градусқа дейін көтерілетіні туралы ақпарат тарап жатыр. Анық-қанығын Stopfake.kz зерттеді деп хабарлады turkystan.kz.
«Ең алдымен, хабарламада қолданылған терминологияға назар аударған жөн. Онда «мысық күндері» туралы жазылған. Метеорологияда да, климатологияда да мұндай термин жоқ.
Сондай-ақ хабарламада ауа температурасының 50 градусқа дейін көтерілетіні болжанып отырған нақты аймақтар көрсетілмеген. Бір уақытта Жердің барлық континентінде мұндай жағдайдың болуы екіталай. Мұндай күмәнді пікірлер – хабарламаның фейк екендігінің белгісі. Уақыт пен географиялық белгілердің болмауынан оны кез келген жерде және кез келген уақытта таратуға болады.
Әр 60 жыл сайын қайталанатын 40 күн бойы болатын аптап ыстық туралы теорияға келетін болсақ, оны желіде оңай тексеруге болады. Шын мәнінде, ауа температурасының көтерілуі тұрақты әрі алпыс жыл сайын қайталанбайды. Соңғы жылдары әлемде рекордтық жоғары температура жиі тіркелуде. Мәселен, 2022 жылы Еуропада ыстық болды, ал 2023 жылы температураның рекордты көрсеткіштері Азия елдерінде байқалды.
Мұның себебі – Жердегі климаттың өзгеруі. Парниктік газ шығарындыларының көп болуына байланысты планетаның жоғары бетінде температура жоғарылайды.
Демек, таралған ақпарат фейк және оған сенбеген жөн», – делінген ақпаратта.