35 млн теңге: жылдам табыс тапқысы келген бірнеше азамат алданып қалған

Астаналық “кәсіпкер” әйел бірнеше адамды дивиденд арқылы пайда табуға үндеп, ақшасын бермей кеткен. Ал оңай жолмен ақша тапқысы келген азаматтар алданып қалғандарын айтып, құқық қорғаушылардан әділдік іздейді. Newsroom тілшісі мәселенің мән-жайымен жақын танысып, тереңірек білмекке тырысып көрді деп хабарлады turkystan.kz.

Жанна Назарова есімді Атбасар тұрғыны жақын туысынан жылдам табыс табудың жолын естігенін айтады. Туысы оған құрылыс компанияларына инвестициямен айналысатын 35 жастағы астаналық әйел туралы айтқан. Ауызша келісімге орай, Назарова ай сайын өзі салған ақшаның 10 пайызын дивиденд ретінде алып отыруға тиіс болған.

“2021 жылы оған 1 миллион теңге бердім. Басында ол  ақшамды уақытылы жіберіп отырды. Пайызбен жиналған ақшаны қайта айналымға салып жүрдім. Кейін ол маған несие алғызды. Ал кәсібінің құжаттарын сұрағанымда, сеніміме кіріп алып, көрсетпеді”, – дейді атбасарлық азамат.

Бірнеше ай бұрын ай сайын түсіп отыратын дивидендтер де келмей қойған. Назарова содан кейін барып күдіктене бастаған екен.

“Менің ойымша, ол ешқандай бизнеспен айланыспайды, қаржы пирамидасы немесе бір сектаға кіріп кеткен. Жалпы (менен) 2 млн теңге қарызы мен 2 млн несиесі бар”, – дейді ол.

Жылдам ақша табудың әккі түріне алданған тек ол ғана емес. Адема Сапарова есімді астаналық та мұндай жағдайға тап болған екен. 2022 жылдың қараша айында оған жаңағы астаналық “кәсіпкер” жазып, 500 мың теңге сұраған.

“Ол менің бұрынғы күйеуімнің әпкесі. Алған ақшаларын 20%-бен бірден аз уақытта қайтарып жүрді. Соған қарап жағдайы жақсы деп ойладым. Кейін маған ракпен ауырып жүрмін деп өтірік айтып, несие алғызды. 1 200 000 теңге қолма-қол бердім. Оның бизнесі барына сенбеймін, өйткені оның ешқандай құжаттары жоқ”, – деді Сапарова.

Астанада киім сататын дүкені бар Әсел Кереева есімді азамат та 35 жастағы “кәсіпкермен” жұмыстас болғанын айтады. Ол да аталған кісіге сеніп, еш құжатсыз қолма-қол 3 миллион теңге берген екен.

“Оның өз дүкені болды. Маған миллиондап ақшасын көрсетіп, күйеуінде құрылыс компаниясы бар екенін, оған көмектесіп жүргенін айтатын… Бір уақытта маған тез арада ақша керек деп, 1 миллион теңге сұрады. Ал 2 аптадан кейін тағы 2 миллион (несиеге) алғызды. Оны қайтармағанына және үстінен дивидент төлемегеніне 6 ай өтіп кетті”, – дейді ол.

Өзін кәсіпкер-инвестор деп таныстырған астаналыққа алданған 5 адам өткен жылдың қараша айында Есіл ауданына арыз жазуға барған. Алайда полиция оларды Сарыарқа ауданына сілтеп жіберген.

Сарыарқа ауданы болса, арыз жазушылардың басым көпшілігі Есіл ауданынан болған соң, қайта өздеріне қайтарып тастаған. Ал Есіл ауданы ол арызды кейін қабылдамай қойған.

Алданғандардың сөзінше, Есіл полициясы инвестиция туралы өзара ресми келісімның жоқтығына сілтеп, арыздарын қабылдауға келіспеген.

Назарова “өзара келісім құжаты болмағанымен, банк арқылы аударылған ақша транзакциялары мен мессенджерлер арқылы сөйлескен деректер бар” екенін алға тартады.

“Олар алаяқтық фактілерін көре тұра, бұл істі қозғағысы келмейді. Ешқандай құжат жоқ, ауызша келісім арқылы болғандықтан, қарастырмайтындарын айтты. Біз оның тек ақшаны қайтарып беруін талап етіп қоймай, заң бойынша жазасын алғанын қалаймыз”, – дейді Назарова.

Астана қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Шыңғыс Сейфулла дәлелдердің жетіспеуімен келіспейтінін білдірді. Құқық қорғаушы арыз жазушылар саны 5-6 адамнан кем болмаса, ол кісіні жауапқа тартуға болатынын айтады.

“Керісінше олардың арасында жазбаса келісімшарттың болмағаны қайта тиімдірек. Себебі ол жай ғана азаматтық іс болып кетер еді. Оларда шот фактура, хат алмасу дәлелдері болса, іс қозғауға жеткілікті. Тіпті ол өзін банкрот деп жарияласа да, оны ешкім есепке алмайды. Ол жақында ғана іске енген бағдарлама болғандықтан, көп процесті талап етеді”, – дейді Сейфулла.

Жанна Назарова және өзге де алданған азаматтар бірігіп, жергілікті полиция мекемесіне бірнеше рет барған. Соның нәтижесінде, олардың арызы 6 сәуірде Сарыарқа ауданына полиция департаментінде қабылданған.

Арызда көрсетілген қарыздың жалпы сомасы 35,5 миллион тенгені құрапты. Олардың айтуынша, алданып қалғандардың саны мұнымен шектелмеуі мүмкін. Себебі уақыт өткен сайын жаңадан алданғандар анықталып жатыр екен.

Алданып қалғандардың айтуынша, ақша алған астаналық кәсіпкер өз компаниясын “Инвест Строй” деп таныстырған. Newsroom тілшісі дәл осы атаумен тіркелген компания туралы ашық дереккөздерден нақты ақпарат таба алмады.

Newsroom тілшісі жәбірленушілердің көмегімен ақша алған азаматқа байланысқа шығуға тырысып көрді. Оның күйеуі телефонға жауап беріп, тілші сұрақтарына жауап бермейтінін мәлімдеді.

“Алланың алдында әркім өзі үшін жауап береді. Біреуден кемшілік іздемесін. Әркім өзінен іздесін қателігін, сонда ғана түсінеді”, – деп қысқа қайырды ол.

Өткен аптада Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасының бөлім бастығы Еркебұлан Саятұлы арызды қабылдап, Есіл ауданы прокуратурасына жібергенін айтты.

“ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері байқалғанын ескере отырып, істі сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тіркеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін Есіл ауданының прокуратурасына жіберілді” – деді ол Newsroom тілшісіне.

Comments (0)
Add Comment