2035 жылға дейін Қазақстанда АЭС салынады  

Алматыда энергетиктер, экологтар мен атом саласы, әлеуметтану, ядролық физика мамандары Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін талқылады деп хабарлады turkystan.kz.

Жиын барысында «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС атом энергетикасы бөлімінің инженері Асуан Сиябеков Қазақстанда АЭС салудың жоспарлы мерзімі туралы айтты.

«Жоспарға сәйкес, 2023 жылы АЭС салынатын аудан туралы ҚР Үкіметінің қаулысы шығып, АЭС салу технологиясын таңдау қажет, 2025 жылы техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптаудан өту керек, 2025-2028 жылдар аралығында АЭС құрылысы туралы Үкімет қаулысы қабылданады. 2028 жылы жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптамадан өтуі қажет, 2029 жылы құрылыс монтаждау жұмыстары басталып, жабдықтар жеткізілсе, 2034 жылы құрылыс аяқталып, 2035 жылы АЭС пайдалануға берілуге тиіс», – деді Асуан Сиябеков.

Ол, сондай-ақ, Қазақстанда АЭС салынатын аумақты зерттеу Атом энергетикасы халықаралық агенттігінің (АЭХА) құжаттары мен ҚР нормативтік талаптары негізінде жүргізілгенін мәлімдеді.

«Бұл ретте жер сілкінісі және геологиялық құбылыстар, гидрометеорологиялық жағдайлар, гидрологиялық жағдайлар, болжамды су тұтыну, АЭС құрылысының іргелес аумақтың жануарлар мен өсімдіктер әлеміне әсері, АЭС пайдалану кезінде аудан гидрографиясына әсері секілді факторлар қарастырылды. Осы орайда, АЭС салуға екі аумақ тиімді деп танылды. Олар – Абай облысындағы Курчатов қаласы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңы», – деді Асуан Сиябеков.

Бұған дейін АЭХА миссиясы АЭС салуға Алматы облысындағы Үлкен ауылы аумағы қолайлы екенін растаған.

«Үлкен ауылындағы ауданның мынадай инфрақұрылымдық артықшылықтары болды. Ол – жұмысшылар тұратын кент болады, салқындатқыш тоғаны бар жер, 110/10 кВ қосалқы станция, 500/220 кВ тірек қосалқы станция бар, ЮКГРЭС-тен 2 шақырым, Шу қаласынан 210 шақырым, 500 кВ солтүстік – оңтүстік бағыты бойынша жоғары вольтты желілер бар, бұрғылау-жару жұмысы жүргізілді, ұнтақтау қондырғысы мен бетон қондырғысы салынды, ауыз суды дайындау қондырғысы орнатылды, «Қайраткөл» темір жол станциясы кеңейтілді», – деді ол.

https://turkystan.kz/article/213226-2035-zhylga-deyin-kazakstanda-aes-salynady/
Comments (0)
Add Comment