2022 жылғы 1 қарашаға облысымыздағы халық саны 1216,2 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 525,8 мың адам (43,2%), ауылдықтар – 690,4 мың адам (56,8%). 2022 жылдың басымен салыстырғанда халық саны 6,6 мың адамға немесе 0,5% өсті.
Халықтың табиғи қозғалысы
2022 жылғы қаңтар-қазанында облыс халқының табиғи өсімі 2021 жылғы қаңтар-қазанымен (16635 адам) салыстырғанда 4,4% кеміп, 15902 адамды құрады. Табиғи өсімінің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 15,73 адамды құрады.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2022 жылғы қаңтар-қазан аралығында 22067 сәби дүниеге келді, бұл 2021 жылғы қаңтар-қазанға (25664 адам) қарағанда 14% аз. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 21,83 туылғандарды құрады.
Қарастырылып отырған кезеңде 6165 адам қайтыс болды, бұл 2021 жылғы қаңтар-қазанға (9029 адам) қарағанда 32,4% аз. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 6,10 қайтыс болғандарды құрады.
2022 жылғы қаңтар-қазанында облысымызда 1 жасқа дейінгі 152 нәресте шетінеді. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (188 шетінеген нәресте) көрсеткіш 19,1% кеміді. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 6,89 оқиғаны құрады.
Халықтың көші-қоны
Қөші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2022 жылғы қаңтар-қазанында облысымызға тұрғылықты тұруға 26459 адам келіп тіркеліп, ал облысымыздан 35790 адам кетті, көші-қон айырымы -9331 адамды құрады.
Облысымызда негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің санының көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі тиісінше 92,9% және 88,9%.
Облыс ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 2021 жылғы қаңтар-қазан айларымен салыстырғанда 6,4% кеміді. Облыс ішіндегі өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырмасы байқалмады.
Жамбыл облысындағы Статистика департаменті