Сарысу ауданының тағдырына шыр-пыр болып араласқан асыл азаматтың бірі — Ораз Жандосов.
1932-1933 жылдардағы ашаршылықта Сарысу өзені бойындағы ел аштықтан қырылып, шұбырыншылыққа ұшырағанда Ораз Қиқымұлы аман қалған елдің алдынан шығып, Саудакенттің төңірегіне қоныстандыруды ұйымдастырып, ажалдан арашалайды.
Аудан халқы осындай ауыр жылдарды басынан өткізіп, Саудакент төңірегіне қоныстануға бет алған кезде өлкелік партия комитеті мен Қазақ АССР-ы Атқару комитеті аудан халқын қоныстандырып, шаруашылыққа бейімделуді Ораз Жандосов бастаған арнайы комиссияға тапсырды.
Аудан халқына қаншалықты қамқорлық жасалғанын Ораз Жандосовтың «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1933 жылғы 1 маусымдағы нөмірінде «Сарысу ауданы жаңа шаруашылықтың есігін ашты» деген тақырыпта жарияланған өз мақаласынан айқын сезінеміз.
Ораз мақаланы «Сарысу ауданын тәжірибелі қызметшілермен, машина, саймандар, қаржы берумен, отырықшыландыру жұмыстарын жолға қоюмен қамдайық» деген шақыру- ұранмен бастады.
Осы мақаланың «Сарысу ауданына облыстан мықты көмек керек» деген тарауында сол кездегі ауданның хал- жағдайына тоқталған.
Мақаланың «Сарысудың болашағы үлкен» деген бөлігінде Сарысу ауданның қазіргі орналасқан жері, оған Талас, Созақ аудандарынан қосылған ел, жерлерді қоса есептегенде жер көлемі үлкен, келешекте мал, егін шаруашылығымен айналысатынына үлкен сеніммен қарайды.
Мақаланың «Кейбір облыстық мекемелер Сарысуды менсінгісі келмейді» деген тарауында аудан шаруашылығы мен мәдениетін жақын арада көтеріп, аяғынан тік бастыру үшін үй салуды, оған құрылыс материалдарының қажеттігін айтады. Байланыс, шаруашылық қатынасын жасау үшін телефон, телеграф қатынасын орнатудың, машиа беруді, сауда кооперативтерін құруды, ұйымдастыруды сөз етеді.
Оқу-ағарту, денсаулық сақтау, маман қызметкерлер жөнінде аса жанашырлықпен былай деп жазады:
«Жаңа ауданның орталығы – Байқадамнан жеті жылдық мектеп ашып, бұл ауылға толық білімді мұғалімдер беру керек. Бұл ауданда 13 мұғалім бар. Мұның іщінде төрт жылдық мектепті бітірген бірде-бірі жоқ. Дәрігер жақтарынан да жәрдемдесу керек. Аудан басшылығындағы қызметкерлерді жетістіру жөнінде де облыстың мықты жәрдемі керек. Мұнда тек бар болғаны бір-екіден ғана қызметкерлер бар. Бүтін ауданда бірде-бір агроном, техник, мал дәрігері жоқ. Ал, бухгалтерлер мен есепші қызметкерлерінің ішінде шала сауаттылары толып жатыр»
Міне, аудан халқының экономикасы мен мәдениетінің жайы, Ораз тілімен айтқанда, бұл кезде сондай еді.
Жерге орналысып, орныққанымен колхоз шаруашылығы, халықтың әл-ауқаты әлі төмен болатын.
Осы мешеуліктен құтқарып, аудан еңсесін көтеру үшін Ораз басқарған өлкелік комиссия аудан басшыларымен тізе қоса отырып, көптеген ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізді.
Ораз Жандосовтың мақаласы жарық көргеннен кейін он күн өткен соң «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 10 июньдегі номерінде «Сарысу ауданының саяси-шаруашылық күйі туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық комитеті бюросының Қаулысы жарияланды. Қаулыда басынан аяғына дейін аудан шаруашылығын көтеру үшін Ораз Жандосовтың мақаласында айтылған ұсыныс-пікірлер қуатталып, ауданға жан-жақты көмек берудің нақты шаралары белгіленген.
Қаулыда көрсетілген пунктер, шаралар бірте-бірте орындалып, жүзеге асып, көп кешікпей-ақ аудан шаруашылығы қалыптасқан ауданның біріне айналды.
………………………………………………………………..
1932-1933 жылғы шұбырыншылықта ереуіл атқа ер салып, ат үстінен түспей, шұбырып, қынадай қырылған халықты қайтіп аман алып қаламыз деп шырылдаған, халық қамқоры Ораз Жандосов 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінің құрбаны болды.
Сарысу ауданы, Саудакент ауылында Ораз Жандосовқа ескерткіш-бюст орнатылған және Жаңатас қаласында 1 көшеге аты берілген.
Жазушы П. Дүйсенбиннің «Сарысунама» кітабынан қысқартылып алынды.