13 жастағы қызын ұзатқан ана: «Күйеубалам қызымды құлдықта ұстап отыр»

Жалғыз қызы Диананы 13 жасында ұзатып, қазір бір көруге зар болып отырған Алакөл ауданының тұрғыны Светлана Карауш “Көреміз” бағдарламасынан көмек сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Келіншектің айтуынша, 5 сыныпты аяқтап, жазғы демалысқа шыққан қызын Сарқан ауданына құдаларының үйіне жіберген. Анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімді сол жақта Ринат Базарлинов есімді ер адам зорлап кеткен.

“Қылмыстық іс қозғалды. Содан полиция менің де, қызымды зорлаған адамның да 4 ай бойы қыр соңынан қалмады. Ақыр соңы жабық сот отырысында қызымның аяғы ауыр екенін білемін. Ал Ринат жауапкершілікті мойнына алып, қызымды әйелдікке алатынын айтты. Сонымен іс жабылды. Күйеу балам өзімнен екі жас кіші. Мен 44-темін, ол 42 жаста”, – деді Светлана жағдайды түсіндіріп.

Жүргізушінің “Азғынды соттатып, жауапқа тартуға не кедергі болды?” деген сұрағына ол: “Жақсы тұрып кете ме деп ойладым. Түсік жасатпақ болған қызымды мен тоқтаттым. 27 жастағы қызымның күйеуімен шаңырақ көтергеніне 13 жыл болды. Бірақ менің ойымша, қайын жұрты қызымды құлдықта ұстап отыр. Себебі, күйеу баламның ата-анасы менің келуіме, қызымды көруіме қарсы. 13 жылда құдаларымның үйіне үш рет бардым. Барғанда қызымның дұрыс тамақтанбайтынын көрдім. Кейін құдаларыммен телефон арқылы сөйлескенімде қызым жылап, онда тұра алмайтынын айтып, менен өзін алып кетуін өтінді. Алып кетпек болып едім, ата-енесі қарсы шықты ”, – дейді келіншек.

Заңгердің айтуынша, 13 жастағы қыз зорланып, соттың бұл істі қысқартып тастауы мүмкін емес.

“Заңда әрекет қабілеттілік жасын үлкейту деген түсінік бар. Ол 15 жастан бастап рұқсат етілген. Меніңше, бұл жерде сот және ішкі істер қызметкерлері тарапынан заң бұзушылық орын алып отыр”, – дейді заңгер.

“Қызымды қатты сағындым, көргім келеді. 4 немерем бар. Бірақ екініші немеремді көрген емеспін. Диана екінші сәбиін босанды деп естігенімде, қалжамды алып құдаларымның үйіне бардым. Сөйтсем, олар баланы құдағидың бауырына беріп, Талдықорғанға апарып тастаған. Жаңа туған сәбиді қызымнан тартып алды”, – дейді Светлана.

Істің анық-қанығын білу мақсатында редакция Диананы іздеген. Алайда оның ата-енесінің үйінен кетіп қалғаны белгілі болды. Олардың айтуынша, келіндері ұлының сырқатын сылтау қып ауруханаға кеткеннен оралмаған.

“Оның қашып кетуінің себебі, жігітқұмарлық  деп ойлаймын. Бізден қашып барған жігітінен де кетеді. Келінімнің шешесі үш айда бір күйеуге шығады. Үш жыл болды бір келмеді. Бар қалауым немерелерімнің жанымда болғаны. Әйтпесе, олар далада қаңғып қалады. Оның өзі қашып кетпей-ақ, келіп жағдайын түсіндіргенде жіберуші едім. Біз құлдықта ұстасақ ол Сарқанға барып, таңнан кешке дейін сауда жасамаушы еді. Бұл сөзіме базардағы саудагерлер куә”, – дейді Диананың қайын атасы келінінің еш жәбір көрмегенін алға тартып. Енесі де келінінің қолының сұғанақтығы барын айтып қалды.

Ринат Базарлинов ешқандай зорлықтың болмағанын, таныстықтың екі жақты келісіммен жүзеге асқанын айтады.

“2009 жылы күзде үйлендік. Ол өз еркімен танысып, Диананың өз еркімен ара қатынас құрылды. Маған келгенде ол пәк қыз емес еді. Бірақ мен қабылдадым. Біреудің қызының көз жасына қалмайын дедім. 13 жылда басқа еркектермен көңіл қосты. Өзі мойындап, маған айтқаны бар. Балаларым тірі жетім болмасыншы деп оған да көз жұма қарадым”, – дейді Ринат.

Сондай-ақ, Ринат екінші қызын нағашы ағасына бергенін мойындады.

“Бір баламды нағашы ағама бердім. Себебі, ол кісілерде бала болмады. Диана келісімін берді. “Құлдықта ұстады” деген айыптауға келетін болсақ, оны ешкім еркінен тыс қамап ұсатамады. Кіші ұлым аурып Сарқандағы ауруханаға жатқыздық. Кейін шығаратын уақытта дәрігерге хабарлассақ Диананың шығып кеткенін айтты. Содан бері хабар жоқ”, – дейді ол.

Бағдарлама барысында Дианаға ауруханадан қашуға палатада бірге жатқан Әйгерім есімді келіншек көмектескен.

“26 жастағы қыздың тауқымет көргені түрінен көрініп тұр. Мен де анамын, мен де әйелмін Диананы түсініп көмектесуге бел будым. Ондай қорлықты ешкімнің басына бермесін. Ол 13 жыл құлдықта болған. Диананың жағдайына немқұрайлы қарай алмадым. Диананың да, ұлы Дарханның да қазіргі жағдайы жақсы. Мен Сарқанда жүргенде балам ауырып ауруханаға жаттым. Екі күннен кейін Диана келіп түсті. Сондан танысып, сөйлесіп кеттік. Күйеуі жыныстық қатынасқа түсерде мәжбүрлейтін көрінеді. Боқтап, ауыр сөздер айтқан. Жағдайға қанық болған соң Диананың “берілмеймін, құлдықтан қалайда шығамын” деген уәдесін алып көмектеспек болдым. Анасын 4-5 жылдай көрмеген. Жастай тұрмыс құруыма анамның ішкілігі, жүргіштігі себеп болды деп айтты”, – дейді Әйгерім.

Көп ұзамай Диананың өзі де байланысқа шықты.

“Біз фазендада таныстық. Бұл кісі мені төсек қатынасына тартты. Мен қарсы болдым. Менің 13 жаста екенімді біле тұра мені егістікте мәжбүрлі түрде зорлады. Кейін амалсыздан сол ер адамға күйеуге шығуға мәжбүр болдым. Мені “ешкімге керек емессің, елге күлкі боласың, жүргіш деп саусағын шошайтады” деп қорқытты. Үй шаруасы менің мойнымда, енем де менің әр ісімді аңдып отырады. Дұрыс тамақ ішкен кезім болмады”, – дейді Диана.

“Сені базарға барып сауда жасады дейді. Мұндай қорлық көріп жүргенде сол кезде неге қашып кетпедің?” деген жүргізушінің сұрағына Диана “бірнеше рет қашуға оқталдым” — деп жауап берді.

“Бірақ мені атам мен күйеуім қорқытатын. “Қайда барасың? Балаларды тастасаң алимент өндіріп аламыз. Екі-үш күнде сенің көзіңді құртамыз” дейтін. Мен күйеуімнің жұмысынан тапқан табысының бір тиынын да көрмейтінмін”, — деді Диана.

Сондай-ақ ол жаңа босанған сәбиін енесінің не себепті және қалай алып кеткені туралы айтты.

“Алғашында мен үлкен қызбен ауруханада жатқанмын. Екінші қызға аяғым ауыр. Ай-күнім жақындап қалған. Әншейінде, аз-азадан әкелетін тамақты бұл жолы үйіп-төгіп, молынан ала келген. Енем де ішімдегі баланы, менің жағдайымды сұрап өбектеп кетті. Сөйтсем олар баланы өзінің бауырына беретін болып шешіп қойыпты. Күйеуіммен сөйлессем енем оны да көндіріп қойған. Бала перзентханадан өзінің әкесінің атымен шыққан. Кейін енемнің бауыры оны өзінің атына аударып алды”, — дейді Диана.

13 жыл құлдықта болған ол күйеуінің қолындағы қолхатты да қысыммен жазғанын мойындады.

Диана өзін “жүргіш” деп айыптаған қайын атасына жауап берді.

“Рас бір ер кісімен таныстым. Күйеуімнен ала алмаған жылулықты мен сол кісіден іздедім және таптым. Біраз кездестік, сөйлестік. Ол кісімен өз қалауыммен болдым. Оның күйеумінен айырмашылығы жер мен көктей. Боғауыз сөз айтпайды, адамгершілігі мол, біз бір-бірімізге сенеміз. Ол менің күйеyімнің қандай адам екенін біледі. Онымен Сарқанда базарда таныстым. Өзі үйленіп, ажырасқан, бір баласы бар. Менің заңды күйеуімнен әбден көңілім қалды. Көретінім ұрыс, төбелес, айқай-шу. Кейін ол балаларға да, шешесіне де қол көтере бастады”, — деді ол ақтарылып.

Жүргізуші одан неге дер кезінде ажыраспағанын, жағдайын түсіндірмегенін сұрады.

“Мен жазда Ринатқа онымен тұрғым келмейтінін, “ажырасайық” деп неше рет айттым. Ол маған :”Қайда барасың? Қаңғырып келесің. Кетсең кете бер, балаларды мен саған бермеймін” деп кесіп айтты. Менің оқу оқып, жұмыс істегім келеді. Болашағымды Ринатпен елестете алмаймын”, — деді Диана.

Редакция тілшілері Диана көзсіз сеніп отырған Ершат Ермолдаевты да сөзге тартып көзрді.

“Дианамен базарда танысқанмын. Мінезі ашық, ашық-жарқын қыз. Біз бір-бірімізді ұнатып, сөйлесіп жүрдік. Мен оны неше баласы болса да қабылдауға дайынмын. Оның тұрмыстық жағдайын білемін. Диананы болашақ жарым ретінде көріп, жауапкершілікті өз мойныма аламын. Күйеуінен заңды түрде ажырасса болғаны”, — деді Ершат.

Бағдарлама барысында Диананың бесінші балаға аяғы ауыр екені белгілі болды. Алайда, оның биологиялық әкесінің кім екені әзірге белгісіз. Диана іштегі баланың әкесі Ершат екенін айтса, ер адам оның бұз сөзіне күмәні барын жасырмады.

Ершаттың ата-анасы болып жатқан жағдайдан бейхабар. Сарапшылар ер адамнан олардың қарсы болған жағдайда не істейтінін сұрады. Десе де, ол Дианадан бас тартпайтынын айтты. Ал, Диананың заңды күйеуі оны әлі де кешіруге дайын екенін, қателіктерімен қабылдайтынын жеткізді.

Студияда отырған сарапшылар Ершаттың сөзінің сенімсіздігін, Диананың құрсағындағы балаға күмәнмен қарағанын байқап көпбалалы анаға жауапкершілік ала алмайтынын түсініп, жөніне жіберді.

Жылдар бойы құлдықта жүрген Диананың ғана емес, оның келгенін күтіп жүрген үш баланың да тағдыры талқыға түсті. Келіншектің тұла бойы тұңғышының да анасына айтары бар екен. Аяжанның айтуынша, өзі де бауырлары да анасын сағынатын көрінеді. Қайтып келгенін қалайды. Тіпті Дианадан өздерін кімге айырбастап кеткенін де сұраған. Алайда, анасы қызының бұл сауалын жауапсыз қалдырды.

Заңгердің айтуынша, балалар кіммен қалатынын өздері шешеді. Ол Риантқа да, Дианаға да өзара келісіп, балалармен санасуын, олардың психологиясын зақымдамауын ескертті. Әзірге оларды үйреншікті жерінен, ата-апасының қолынан алып кетпеу туралы келісімге келді.

Ал Дианаға қажетті көмек көрсетіліп, редакцияның жіті бақылауында болатыны туралы шешім қабылданды.

 

 

Comments (0)
Add Comment