1 сәуірден бастап коммуналдық қызмет тарифтері қанша өседі?

1 сәуірден бастап коммуналдық қызмет тарифтеріне өткен жылы қазанда енгізілген мораторий күшін жояды.
Коммуналдық тарифтер 5-10% өседі

Экономист Бауыржан Ысқақов жарық пен жылу бағасы орта есеппен 5-10% маңында көтерілетінін айтады.

“Билік қатты өсім болмайтынын айтып отыр.Көбінесе бұл инфляция деңгейіне байланысты көтеріліп отырады. Шамамен 9-12% өсім болуы мүмкін. Мысалы, кей қалаларда, Алматыда жылу мен жарық бағасы 5-10% деңгейінде өсуі мүмкін. Бірақ, мына бір маңызды сәтті ескеруіміз керек, тарифтер бірден автоматты тұрде көтерілмейді. Өйткені әр өңірде жеке шешім қабылданады. Жарық, жылу және суды беретін әр компания есебін ұсынып, соңғы шешімді мемлекет бекітеді. Қазірдің өзінде төлем өсіп жатыр десек, қосылған құн салығының 16%-ға көтерілуінің өзі коммуналдық қызмет тарифтерінің 3-4%- ға өсуіне әкелді. 1 сәуірден бастап коммуналдық тарифтер біртіндеп, бақылаумен өседі, орташа есеппен 5-10% маңында көтеріледі деп айтуға болады», — дейді ол.

Тарифтер қандай жағдайда құны көтеріледі

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, тарифтерді өзгерту мәселесі тек қажеттілік туындаған жағдайда қаралады.

Комитеттің түсіндіруінше, әрбір табиғи монополия субъектісінің өтінімі жеке талданады. Бұл ретте шешім экономикалық тұрғыдан негізделген, құжаттармен расталған деректерге сүйене отырып қабылданады. Сонымен қатар, қызметтің өзіндік құнына әсер ететін барлық факторлар ескеріледі. Тарифтердің өзгеруі өтінімдердің мазмұнына, инфрақұрылымның техникалық жай-күйіне, түрлі факторлардың ықпалына және өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты болады. Сондай-ақ тарифтерді үкімет бекіткен инфляциялық дәліз шегінде ғана көтеруге рұқсат етіледі. Ұлттық банк мәліметінше, биылғы жылы инфляциялық дәліз 9-12 пайызды құрайды.Ендеше, тариф құнына осы фактор әсер етеді деген сөз.

Ведомствоның дерегінше, коммуналдық қызмет бағасына бірқатар фактор әсер етеді. Олардың ішінде отын, газ және электр энергиясы құнының өсуі, материалдар мен қызметтердің қымбаттауы, салық мөлшері, тұтынушылар саны мен көрсетілетін қызмет көлемі бар. Бұдан бөлек, желілердің тозуы, оларды жөндеу мен жаңғырту шығындары, қызметкерлер жалақысының өсуі де тариф қалыптастыру кезінде назарға алынады.

Тарифті көтеру туралы түпкілікті шешім коммуналдық кәсіпорындардың өтінімдері негізінде қабылданады. Бұл процесте инфрақұрылым жағдайы, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал және инфляциялық шектеулер ескеріледі. Тариф құрамына тек экономикалық тұрғыдан негізделген әрі құжатпен дәлелденген шығындар ғана енгізіледі.

Үкімет не дейді

Бұған дейін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев экономистердің болжамына сүйеніп, 2026 жылы коммуналдық тарифтер 20-30% қымбаттауы мүмкін екенін айтқан еді. Оның мәліметінше, бұл өзгеріс бір бөлмелі пәтерге айына шамамен 3–5 мың теңге, ал екі бөлмелі пәтерге 5-7 мың теңге артық төлеуге мәжбүр етеді. Дегенмен Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев нақты өсім көлемін қазір айту ерте екенін айтты. Оның айтуынша, елде 224 коммуналдық кәсіпорын бар, әрі олардың әрқайсысының инвестициялық жоспарлары, инфрақұрылымының тозу деңгейі мен қаржылық жағдайы әртүрлі. Сол себепті тарифтердің қаншалықты өсетіні өңірге байланысты өзгеруі мүмкін.

Вице-премьер Парламент палаталарынің бірлескен отырысында бұл сұраққа тағы оралды.

“Менің білуімше, бұл мәселе қазір талқыланып жатыр. Үкімет 1 сәуірден бастап барлық коммуналдық тариф құнын бірден көтермейді. Қажет жерлерде қандай да бір өзгеріс болады. Тиісті мемлекеттік органдар бір апта ішінде ақпараттық жұмыс жүргізбек. Сондықтан, осыны назарда ұстаңыздар», — деді Қанат Бозымбаев.

Түйін

Премьер-министр Олжас Бектенов журналистерге  «қыста үйіміз жылы, суы ағып, жарығы жанып тұрғанын қаласақ, кәріз бен жылу жүйесі дұрыс жұмыс істесін десек, тарифтерді көтеруге мәжбүрміз» деген еді.  Қаржы сарапшысы Бауыржан Ысқақ Таяу Шығыстағы қақтығыс елде инфляцияны күшейтетінін алға тартып, осының әсерінен мұнаймен және бензинмен байланысты басқа да азық-түлік қымбаттайтынын айтады.Ал елде бензин көтерілсе, басқа тауардың бәрі қымбаттайтыны ежелден белгілі. Сондықтан, халықтың қалтасын қаққан тарифтер құны қанша өсетінін уақыт көрсетеді.

Фото: gov.kz

kznews.kz 

Comments (0)
Add Comment