«1 000 адамға 8 жұптан»: Еліміздің қай өңірінде некелесу көрсеткіші жоғары екені белгілі болды

10 қыркүйекте елімізде Отбасы күні атап өтіледі. Осы орайда, кейінгі 10 жылда тіркелген некеге қатысты статистика жарияланды, деп хабарлады turkystan.kz.

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2012 жылмен салыстырғанда 2022 жылы тіркелген неке саны 164 мыңнан 128 мыңға дейін азайған.

Некелесу коэффициенті де төмендеген. Егер 2012 жылы 1000 адамға 9,81 жұптан келсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 6,54 жұпқа азайған.

Өңірлер бойынша тұрғындар арасындағы некелесудің ең жоғары көрсеткіші Астанада тіркелген, 1000 адамға 8 жұптан келеді. Ең төменгі коэффициент Ақмола мен Абай облыстарында тіркеліп отыр. Бұл өңірлерде 1000 адамға 6,1 жұптан келеді.

Ал соңғы 20 жылда некеге тұрғандардың ең жоғары көрсеткіші 2012-2013 жылдары байқалған. Мәселен, 2002 жылы некелесу коэффициенті 6,6 болған.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, неке санының төмендеу факторларының бірі некеге тұрған халықтың жас құрылымының ерекшелігіне байланысты.

Мысалы, 2010 жылдары елімізде туу көрсеткіші жоғары болған. Бұл жылдары 1985-1990 жылғы адамдар некеге тұрған. 2020 жылдан кейін туу көрсеткіші төмендегені байқалған. Бұл жылдары 1995-2000 жылдары туғандар отбасын құра бастаған.

Айта кетелік, бүгінде Қазақстанда ерлер үшін некеге тұрудың орташа жасы (алғашқы неке) –  28 жас, әйелдер үшін – 25,2 жас.

 

Comments (0)
Add Comment