Бүгін ақын, сазгер дарынды журналист Тынышбай Рахимовтың туғанына 80 жыл толып отыр. Сарысудың аспанын сазымен бөлеп, жырымен қанаттандырған Тынышбай Жаңабайұлы дарынымен ерек туған жан. Оның қаламынан туған әндер бүгінде ел арасында кеңінен айтылып жүр. Әсіресе 1993 жылы шыққан «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні сол жылдың ең үздік әні болып танылды. Сонымен қатар, «Жаңатас көктемі» , «Бозорамал», «Күт мені», «Қымбаттым», «Алтайдан сәлем», «Мөлдірім» деген әндері көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндеріне айналған.
Осы орайда, бүгін аудандық мәдениет үйінде «Ән болып қалған ғұмыр» атты ақынның рухына тағзым кеші өтті. Алдымен келушілер фойеде кітап көрмесімен танысып, ақынның мол мұрасын тамашалады. Шара шымылдығы лэд экранда ақынның «Кеш жарық» бағдарламасындағы видеомен ашылды. Мұнан соң көрермендер Сарысу халықтық театры өнерпаздарының «Жыр — өмір» әдеби сазды композициясын көрді. Кешке қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, ақынның шығармашылығы өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Сонымен қатар, ақынның жары Қарашаш Ахметқызына арнайы сый — сияпат жасады. Тебіреніске толы сәтте Қарашаш апа сөз сөйлеп, ақынын ардақтаған сарысулықтарға алғысын білдірді. Сахнада ақынның інісі Жұмабек Елемесұлы
«Тынысым — асыл ағам» жүрекжарды жырын оқып берді. Сонымен қатар, қарындасы, Тараз «Парасат» жоғары колледжінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, Рахимова Жаңылған мен Рахимова Ләззат «Естелік Мұқағалиға» мен «Тағдыр кітабы» туындыларды орындады. Кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, аудандық мәдениет үйінің әншілері Тынышбай Рахимовтың әндерін нәшіне келтіріп орындады.