Таразда тиісті рұқсат құжаттарынсыз салынған екі қабатты сауда үйі бұзылатын болды.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының талап арызын қарап, нысан иесін құрылысты өз есебінен бұзуға міндеттеді.
Тексеру барысында сауда үйінің қажетті құжаттарсыз салынғаны анықталған. Атап айтқанда, сәулет-жоспарлау тапсырмасы, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама, жобалық-сметалық құжаттама және сараптаманың оң қорытындысы болмаған. Құрылыс кезінде техникалық және авторлық қадағалау да жүргізілмеген.
Сонымен қатар сот отырысы барысында нысанның қолданыстағы қызыл сызық шегінде орналасқаны анықталды. Нысан иесіне берілген заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама да белгіленген мерзімде орындалмаған.
Сот шешімімен жауапкерге даулы екі қабатты сауда үйін бір ай ішінде өз қаражаты есебінен бұзу міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Comments (0)
Add Comment