Астана қаласы Есіл ауданы сотының үкімімен полиция қызметкері мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 5 жылға сотталды деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
Бұрынғы полиция қызметкері зорлық-зомбылық жасағаны және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін, яғни жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқтырған үшін және оның құқықтары мен өкілеттіктерінен тыс айқын әрекет жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот белгілегендей, 2022 жылғы 21 желтоқсанда «Fly Arystan» әуекомпаниясының өкілінен әуе кемесінің бортында деструктивті жолаушының болуына байланысты полиция қызметкерлерін «Шымкент ‒ Астана» бағытындағы рейске жіберу туралы хабарлама келіп түседі.
Осыған байланысты оқиға орнына патрульдік полицияның топтары барады.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасау үшін жеңіл дәрежелі мас күйінде болған жәбірленуші полиция бөлмесіне жеткізілді. Кейін ол полиция бөлмесінен кетуге тырысқандықтан, оны полиция қызметкерлері тоқтатты.
Бұл ретте, С. өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, өз іс-әрекеттерінің заңсыздығын сезіне отырып, К.-ны қабырға аймағына тізесімен ұрды. Нәтижесінде жәбірленуші К. үш қабырғаның сынуы түрінде дене жарақатын алды. Бұл денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян ретінде тіркеледі», – делінген сот материалдарында.
Апелляциялық шағымдарда адвокат пен жәбірленуші үкімді өзгертуді, ҚК-нің 63-бабын қолдануды және тағайындалған жазаны шартты деп санауды сұрады. Бұл С. полиция органдарында қызмет еткен уақытында жазалары болмағанын, жәбірленушімен татуласқанын және оған қылмыспен келтірілген моральдық және материалдық зиянды өтегенін көрсетті.
«Апелляциялық сот С. құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге арналған құқық қорғау органының қызметкері бола отырып, зорлық-зомбылық көрсетіп, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғанын, осылайша кәсіби антты бұзғанын, осылайша құқық қорғау органының қоғам алдындағы беделіне нұқсан келтіргенін назарға алды», – делінген сот хабарламасында.
Осыған байланысты адвокат пен жәбірленушінің апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
https://turkystan.kz/article/222029-ush-kabyrgasyn-syndyrgan-astanalyk-politsey-5-zhylga-sottaldy/