Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстандағы ауыл шаруашылығы тауарлары негізсіз қысымға ұшырап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мүдделерді қорғау үшін белсенді әрекет етуге кеңес берді.
– Тағы бір өзекті мәселе — халықаралық шиеленістер жағдайында Қазақстанның стратегиялық экономикалық серіктестерімен тиімді өзара әрекеттестігі болып отыр. Біздің ұстанымымыз айдан анық: Қазақстан экономикалық интеграцияны қолдайды, бұл процеске белсенді қатысады, бірақ ол біздің мүдделерімізге әділ сипатта болуы керек. Қазақстан биыл Еуразиялық экономикалық одақтың төрағасы болады. Біздің басымдықтарымыздың бірі — еуразиялық интеграцияның тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында.
Президенттің айтуынша, саудадағы кедергілерді жою мен негізсіз протекционизмге қарсы жұмыс жалғасады.
– Мысалы, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының негізсіз қысымға ұшырауы қалыпты жағдай деп айтуға болмайды. Отандық тамақ өнеркәсібінің өкілдері ЕАЭО қатысушы мемлекеттерден субсидияланған тауарлар салдарынан өндірісті азайтуға мәжбүр болып отыр. Ал бұл біз үшін азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселе, – деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке ұлттық мүдделерді қорғау үшін белсенді әрекет етуге кеңес берді.
– Өзара мүдделердің әділ теңгерімін тауып, Қазақстанның ұстанымын шебер және дәлелді түрде қорғау керек. Осылай ғана еліміздің экономикасын халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті ете аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.