Қазақстанда отбасының әлеуметтік әл-ауқатын анықтау кезінде табысы ғана емес, тұрақты жұмысы, баспанасы, мүлкі, несиелік міндеттемелері мен жинақ ақшасы да ескеріледі. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның түсіндірмесіне сәйкес, отбасылардың материалдық және әлеуметтік жағдайы C, D және E санаттары бойынша бағаланады. Бұл санаттар тұрмысы тұрақты отбасылардан бастап, әлеуметтік және қаржылық тұрғыдан осал топтарға дейінгі айырмашылықты көрсетеді.
Отбасылардың әл-ауқат деңгейін бағалау үшін “Отбасының цифрлық картасы” қолданылады. Бұл жүйе азаматтардың әлеуметтік жағдайын кешенді түрде саралап, мемлекеттік қолдауға қаншалықты мұқтаж екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Отбасылар C, D және E санаттарына қалай бөлінеді?
- C санаты – тұрмысы тұрақты отбасылар. Бұл топқа табысы орташа, күнделікті қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндігі бар, әлеуметтік жағдайы бірқалыпты отбасылар жатады.
- D санаты – қаржылық қиындықтарға тап болған отбасылар. Олардың табысы төмен болуы, тұрақты жұмысы немесе жеке баспанасы болмауы мүмкін. Сондай-ақ несие төлемдерін кешіктіруі және тұрмысына әсер ететін өзге де қаржылық мәселелері ескеріледі.
- E санаты – мемлекет көмегіне бірінші кезекте мұқтаж отбасылар. Бұл санатқа көбіне бірнеше әлеуметтік қиындықты қатар бастан кешіріп отырған отбасылар кіреді. Мәселен, табысы кедейлік шегінен әлдеқайда төмен, тұрақты жұмысы, баспанасы, мүлкі мен жинағы жоқ, сондай-ақ мерзімі өткен несиелері бар отбасылар осы топқа жатқызылуы мүмкін.
Ал А мен В санатына кімдер жатады?
Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, А және В санаттарына материалдық жағдайы жоғары отбасылар жатады. Олардың қатарына қосылу үшін тек жоғары табыс табу жеткіліксіз. Одан бөлек отбасының баспанасы, көлігі, кәсібі және басқа да мүлкі бірге есепке алынады.
- А санаты – өте ауқатты отбасылар;
- В санаты – ауқатты отбасылар;
Мәселен, жоғары санатқа жатудың негізгі көрсеткіштердің бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы қаржылық қамтамасыз етілу деңгейінің ең төменгі күнкөріс деңгейінен кемінде жеті есе жоғары болуы керек екен. Бұл шамамен 350 мың теңгеден басталады. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің әрқайсысына шаққанда 120 шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің болуы да ескеріледі. Бұдан бөлек, қымбат көліктер, коммерциялық ғимараттар, жеке кәсіп, ірі жер телімдері назарға алынады.
Дегенмен азаматтың жеке пәтері немесе көлігі болса, ол бірден ауқатты деп танылмайды. Сол сияқты отбасының табысы жоғары болғанымен, оның несиелері мен басқа да қаржылық міндеттемелері есепке алынады.
Министрлік отбасының жағдайын анықтау үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер пайдаланылатынын атап өтті. Атап айтқанда, отбасы мүшелерінің қайда жұмыс істейтіні, қанша табыс табатыны, қандай мүлкі бар екені, кәсіпкерлікпен айналысатыны және жеке қосалқы шаруашылығы туралы ақпарат қаралады.
Айта кетейік, отбасының қай санатқа жататыны бір ғана көрсеткішпен шешілмейді.
“Отбасының цифрлық картасы” 50-ден астам өлшемшартты ескереді. Олардың қатарында отбасы мүшелерінің табысы мен жұмыспен қамтылуы, тұрғын үй жағдайы, жылжымайтын мүлкі, көлігі, несиелері, кәсібі, жер телімі, қосалқы шаруашылығы және әлеуметтік мәртебесі бар.
Сонымен қатар бұл санаттар тұрақты емес. Отбасының тұрмыс жағдайы өзгерсе, мәселен, табысы азайса, жұмысынан айырылса немесе қаржылық жағдайы жақсарса, оның әл-ауқат деңгейі қайта қаралуы мүмкін.
Жүйе отбасылардың нақты тұрмыс жағдайын жан-жақты бағалап, мемлекеттік қолдауды көмекке көбірек мұқтаж азаматтарға бағыттауды көздейді.
Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындағанда отбасының материалдық жағдайы ескеріледі. Яғни әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының мемлекеттік қолдауға қаншалықты мұқтаж екеніне мән беріледі.
Дегенмен бұл өзгеріс барлық жәрдемақыға бірдей қатысты емес. Жаңа тәртіп заңда көрсетілген әлеуметтік төлем түрлеріне ғана қолданылады.
Фото: Gov.kz
