Қазақстанда алғаш рет үш ата-ананың қатысуымен сәби дүниеге келді

42
Фото: magnific.com
Қазақстанда алғаш рет жұмыртқа жасушасының ядросын көшіру әдісімен қыз бала дүниеге келді. Бұл процедура төрт жыл бойы ЭКҰ арқылы жүкті бола алмаған 43 жастағы әйелге ана атануға мүмкіндік берген.

Бұл жаңалықты биомедицина ғылымындағы академик Алмаз Шарман желіде бөлісті.

“Жақында ғана ғажайып секілді көрінген оқиға енді шындыққа айналды. Сәбидің анасы 43 жаста. Ол төрт жыл бойы ЭКҰ (экстракорпоралды ұрықтандыру) арқылы жүкті болуға тырысқан. Бірақ әр жолы сәтсіз аяқталған. Әдетте мұндай жағдайда дәрігерлер донордың жұмыртқа жасушасын пайдалануды ұсынады. Бірақ онда бала анасына генетикалық тұрғыдан туған баласындай жақын болмайды. Ал бұл жолы басқа әдіс қолданылды”, – деп баяндады ол.

Маман осы тұста қолданылған тәсілді жеңіл тілмен түсіндіріп берді.

“Жұмыртқа жасушасын тауықтың жұмыртқасы деп елестетіп көріңіз. Сарыуызы — ядро. Онда гендер, яғни баланың анасына ұқсастығын анықтайтын тұқым қуалайтын ақпарат сақталады. Ал ақуызы — цитоплазма. Оның ішінде жасушаны энергиямен қамтамасыз ететін кішкентай «батареялар» — митохондриялар бар. Әйелдің жасы ұлғайған сайын бұл «батареялардың» жұмысы әлсірейді. Генетикалық ақпарат дұрыс болғанымен, эмбрионның дамуына энергия жетпей, оның дамуы тоқтап қалуы мүмкін. Ғалымдар ананың жұмыртқа жасушасынан ядроны алып, өз ядросы алдын ала алынып тасталған жас донордың жұмыртқа жасушасына көшірген. Нәтижесінде ананың гендері мен жас донордың «батареялары» бар жасуша пайда болды. Одан кейін әкесінің қатысуымен әдеттегі ЭКҰ процедурасы жүргізілді”, – деп қосты ол.

Маман мұндай жағдайда қыздың ДНҚ-сының 99,9 %-ы ата-анасына тиесілі болатынын жеткізді. Бір кездері журналистер бұл әдісті «үш ата-анадан туған бала» деп атаған. Бірақ бұл атау әсірелеп айтылған.

“Анасы мен сәбиінің жағдайы жақсы. Қазір тағы бір пациент босануға дайындалып жатыр. Бұл әдіс әзірге эксперименттік деңгейде. Ол барлық мәселені шешетін сиқырлы таяқша емес және бәріне бірдей көмектеспейді. Генетикалық ақауларды түзетпейді әрі нәтижеге кепілдік бермейді. Алда әлі ауқымды зерттеулер жүргізіліп, осы әдіспен дүниеге келген балалардың денсаулығы ұзақ уақыт бойы бақылануы керек. Жылдар бойы сәтсіз әрекеттерден өткен отбасылар үшін бұл шынымен де жаңа үміт болуда. Ең бастысы, мұндай мүмкіндік бізде, Қазақстанда пайда болды”, – деп түсіндірді  Алмаз Шарман.

Процедураны АҚШ-тың Орегон штатындағы Портленд қаласында жұмыс істейтін, осы саланың әлемдегі жетекші мамандарының бірі, белгілі ғалым әрі профессор Шухрат Миталипов жүргізді. Эмбриологияға қатысты барлық жұмысты клиниканың қазақстандық мамандары атқарды. Жобаның ғылыми жетекшілері — профессорлар Шухрат Миталипов пен Вячеслав Локшин.

Шухрат Миталипов Алматы облысы, Ават ауылының тумасы. Қазір эмбрионды жасушалар және ген терапиясы орталығының жетекшісі. Ол Мәскеуде генетика бойынша білім алып, 1994 жылы медициналық генетика саласында PhD дәрежесін алған. 1995 жылы АҚШ-та ғылыми жұмысын бастап, 1998 жылдан бері Орегон денсаулық және ғылым университетінде қызмет етіп келеді. Ол 2010 жылы АҚШ-тың Портленд қаласындағы зертханасы мен маймылдар питомнигінде жұмыс істеген.

Ғылым докторы жылына екі рет Қазақстанға келіп, профессор Вячеслав Локшинмен бірге әйелдердің жұмыртқа жасушаларын жасарту жобасын жүзеге асырып жатыр. Ол адам эмбриондарын генетикалық модификациялау әдісін әзірлеген. Жасуша ядросын көшіру арқылы жасушаны жасарту технологиясын зерттеп, осы бағыттағы ғылыми жұмыстарымен танылған. Енді ғалымның бұл әдісі Алматыда қолданылып, қыз бала дүниеге келді.

Еске салсақ, бұған дейін Шухрат Миталипов өзінің «Үш ата-анасы бар бала» әдісі жұмыртқа жасушаларының қартаюына байланысты бедеулігі бар әйелдердің жүкті болуына көмектесетінін айтып,  ұрықтандырудың эксперименттік әдісін енгізген еді.

Stan.kz
Фото: magnific.com
Leave A Reply

Your email address will not be published.