Бірақ арман қалай туады? Оны жоғарыдан таңып бере алмайсыз. Оны тек ести білу керек. Бүгін Қазақстанда осы идеяны шындыққа айналдыратын «Qazaq Dream» қысқаметражды фильмдер мен әдеби эссе шығармашылық байқауы басталды.
2026 жылғы 15 маусым мен 31 тамыз аралығында еліміздің кез келген азаматы «Сен қандай Қазақстанды армандайсың?» деген бір ғана сұраққа жауап ретінде қысқаметражды фильмін (ұзақтығы 3 минутқа дейін) немесе эссесін (А4 форматындағы 1-3 бет көлемінде) ұсына алады. Байқауға қатысушылар жұмысын қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде жолдауына болады.
Осылайша Қазақстан алғаш рет жалпыұлттық арман фестивалін ұйымдастырып, әрбір азаматты елдің болашағын бірге суреттеуге шақырып отыр. Іріктеу комиссиясы ұсынылған жұмыстарды сараптап, бағалайды, үздік 35 фильм мен кемінде 10 үздік эсседен тұратын шорт-парақты тізімдейді. Дәл осы жұмыстар Гран-при иегерлері мен көрермен көзайымы жүлдесінің жеңімпаздарын анықтайтын беделді қазылар алқасының қарауына ұсынылады. Жеңімпаздарды жалпы жүлде қоры 8 миллион теңге күтіп тұр.
«Бұл байқау – өз ойыңды айтуға, арманыңды асқақтатуға берілген мүмкіндік. Өз тілегіңді әдеби шығарма немесе кино тілі арқылы жеткізуге жол ашады. Бұл – баршаны бір ортақ идея төңірегіне топтастыра алатын бейне мен мағына іздеуге талпыныс. Бұл – ел тұрғындарын шын мәнінде біртұтас халыққа айналдыруға жасалған қадам», – деп атап өтті «Qazaq Dream» байқауының президенті, белгілі кинорежиссер, сценарист әрі жазушы Ермек Тұрсынов.
Жоба аясында байқаудың ішкі тынысын көрсететін медиа-шежіре – «Байқау күнделігі» жүргізіледі. Сонымен қатар іріктеу комиссиясының шорт-тізіміне енген қатысушылар туралы жобаға ерекше көрік беретін 10 шағын фильм түсіріледі.
«Qazaq Dream» байқауының қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Тәуелсіздік күні қарсаңында, 2026 жылғы 10 желтоқсаннан кешіктірілмей өтеді. Ең бастысы – қоғам үні мемлекет пен бизнес үшін қоғамдық сұраныстың өзіндік картасына айналмақ.
«Біз Америкалық арман ұғымының бірнеше ұрпақты, миллиондаған адамды қарапайым ғана: егер аянбай еңбек етсең, жақсы өмір құруға болады деген ұстаныммен шабыттандырып келгенін білеміз. Америкалық арман кәсіпкерліктің қозғаушы күшіне айналды. Ал, Сингапур арманы жаңа технократиялық мемлекеттің негізін қалады. Корей арманы кемелдікке ұмтылыстың символына айналды. Табысты әрбір ұлт ортақ арман мен ұжымдық ұмтылыс төңірегінде қалыптасады. Ал Қазақстандық арман қалай шабыттандыра алады?» – деп сауал тастады байқауға қатысушыларға «Qazaq Dream» бастамасының авторы, Centras Group компаниясының басшысы Елдар Әбдіразақов.
Байқау тұжырымдамасында: «Ұйымдастырушылар қазақстандық арманның қандай болуы керектігі туралы түсінікті ешкімге таңбайды», – деп нақты көрсетілген. Бұл жоба адамдардың жеке ой-пікірінен туындайтын арманға кеңістік қалыптастырады. Арман елдің болашағы туралы қоғамдық ой-пікірді білдірудің бір түріне айналады.
Бұл – мемлекеттік немесе коммерциялық байқаулардың көпшілігінен ерекшеленетін маңызды қағида. Мұнда «мынау дұрыс немесе теріс» деген нақты жауап жоқ, жоғарыдан бекітілген дайын үлгі де жоқ. Тек әр адам өз ойын жазатын ақ парақ бар. Ал сол парақ баршаның ортақ игілігіне айналар құндылық болмақ.
Жұмыстарыңызды мына сілтеме бойынша жолдаңыздар: https://qazdream.kgforum.kz/kk