Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйі мен вегетациялық кезеңді тұрақты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Кеңесте негізгі баяндаманы «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры Қайрат Аманов жасады. Ол гидротехникалық құрылыстарды ағымдағы жөндеу, жаңғырту және салу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ суару каналдарын реконструкциялау мен күрделі жөндеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

2026 жылғы 29 маусымдағы жағдай бойынша диқандармен жалпы көлемі 62 435,94 гектарды қамтитын 3 703 су жеткізу келісімшарты жасалған.
Сәуір-маусым айлары аралығында облыстағы 2 182 шаруа қожалығына су берілді. Осы кезеңде су көздерінен 325,2 млн текше метр су алынып, оның 193,8 млн текше метрі тұтынушыларға жеткізілді. Соның нәтижесінде 35,4 мың гектар суармалы алқап сумен қамтылды.
– Су беру көлемі су көздеріндегі нақты жағдай мен шаруалардың сұранысына қарай реттеледі. Жалпы филиал вегетациялық кезеңде су пайдаланушыларды сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жоспарға сәйкес жалғастыруда, – деді Қайрат Аманов.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиевтің мәліметінше, басқармаға қарасты «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде 112 су қоймасы мен бөгет бар.
Жалпы су нысандарының сыйымдылығы 135,6 млн текше метрді құрайды. Суару маусымы басталғанға дейін оларда 81,94 млн текше метр су жиналып, нәтижесінде 8 797 гектар егістік алқап тұрақты сумен қамтамасыз етілді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, биыл облыста 658,8 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның 103,8 мың гектары суармалы жерлерге тиесілі. Соның ішінде 90,5 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде, ал 13,3 мың гектары елді мекендер аумағында орналасқан.
Биыл Ислам даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен өңірдегі 91 суару каналында ауқымды қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда барлық нысандар бойынша мердігер ұйымдар анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған.
Сонымен қатар өңірде су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 74,9 мың гектарға жетті. Оның ішінде 8,4 мың гектары биыл іске қосылды.
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев су ресурстарын тиімді пайдалану, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су инфрақұрылымын дамыту және ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелерін тұрақты бақылауда ұстап келеді. Сондықтан бүгінгі басты міндет – вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету, су шаруашылығы нысандарының үздіксіз жұмысын ұйымдастыру және шаруаларды қажетті көлемде ағын сумен уақытылы қамтамасыз ету, – деді облыс әкімі.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға вегетациялық кезең аяқталғанға дейін суару жүйелері мен гидротехникалық құрылыстардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, су ысырабын азайту және су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі жоспарлардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау, су шаруашылығы нысандарының техникалық жай-күйіне жүйелі мониторинг жүргізіп, қажетті жөндеу жұмыстарын уақытылы ұйымдастыру, сондай-ақ трансшекаралық су көлеміне қатысты жағдайды тұрақты қадағалап, су тапшылығы қаупі туындаған жағдайда жедел шаралар қабылдау тапсырылды.