Келісім мәдениетін қалыптастыру аса маңызды

45
Бүгін қаламыздағы Достық үйінде Аналар кеңесі мүшелеріне арналған «Жалпы медиация» тақырыбындағы оқу семинары өтті. Жамбыл облысы әкімдігі Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ медиация орталығы ұйымдастырған іс-шара қоғамдағы татулық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталды.
Бүгінде медиация – түрлі деңгейдегі дауларды сотқа жеткізбей, өзара келісім арқылы шешудің тиімді құралына айналып келеді. Осы орайда ұйымдастырылған семинарға облыстық этномәдени бірлестіктер және Аналар кеңесінің өкілдері қатысты. Себебі, аналар отбасылық және қоғамдық ортада түсіністік пен бірлікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан олардың медиация дағдыларын меңгеруі тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға және қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал етеді.
Семинардың тізгінін кәсіби медиатор, «Татуласу» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұрлыкүл Амирова ұстады. Ол қатысушыларға медиацияның негізгі қағидаттарын түсіндіріп, жанжалдарды басқару мен келіссөз жүргізудің тиімді тәсілдеріне тоқталды.
«Қоғамдағы көптеген келіспеушіліктер өзара түсіністік пен ашық диалог арқылы шешіледі. Медиацияның басты артықшылығы да осында. Сондықтан бұл бағыттағы білім мен тәжірибе әрбір азаматқа қажет», – деді спикер өз сөзінде.
Оқу барысында қатысушылар жанжалдардың пайда болу себептерін талдап, медиатор қызметінің ерекшеліктерімен танысты. Сонымен қатар тәжірибелік тапсырмалар орындап, түрлі жағдайларды мысалға ала отырып, келісімге келу жолдарын пысықтады. Топтық жұмыстар мен пікірталастар семинардың мазмұнын байытып, қатысушылардың белсенділігін арттырды.
Іс-шара соңында тыңдаушылар алған білімдерін қорытындылап, өзара тәжірибе алмасты. Семинар бағдарламасын толық аяқтаған қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Медиация мәдениетін дамытуға бағытталған мұндай бастамалар өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, азаматтар арасындағы өзара сыйластық пен келісім құндылықтарын дәріптеуге қызмет ететіні сөзсіз.
Leave A Reply

Your email address will not be published.