Кімдерге мобильді аударым жасауға болмайды?

80

Қазақстанда POS-терминал орнатуға міндетті кәсіпкерлік қызмет түрлерінің тізімі толықтырылды. Qaz365.kz редакциясы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне ресми сауал жолдап, қай кәсіптегі азаматтарға терминал орнату міндеттелгенін анықтады.

Ведомствоның мәліметінше, Үкіметтің 2026 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңға сәйкес төлем карталары мен банкаралық мобильді төлемдер қабылдауға арналған жабдықтарды қолдануға міндетті қызмет түрлерінің тізіміне өзгерістер енгізілген.

«Тізімдегі бұрын болған 14 қызмет түріне қосымша төрт жаңа бағыт енгізілді. Олар – пошта және курьерлік қызметтер, шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметтері, мамандандырылған дизайнерлік қызметтер, сондай-ақ ғимараттарға қызмет көрсету және аумақтарды абаттандыру қызметтері», – деп мәлімдеді мемлекеттік кірістер комитеті.

Мемлекеттік органдардың айтуынша, мұндай шешім соңғы бес жылда аталған салалардағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып, халық арасында сұраныстың көбеюіне байланысты қабылданған.

Жаңа талап 2026 жылғы 19 шілдеден бастап күшіне енеді.

Сонымен қатар талап барлық кәсіпкерлерге бірдей қолданылмайды. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісі жоқ жерлерде жұмыс істейтіндер мен стационарлық емес сауда нысандары арқылы қызмет көрсететін кәсіпкерлерге бұл міндет жүктелмейді. Ведомство POS-терминалдың болмауына байланысты жауапкершілік тәртібін де түсіндірді.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 195-бабына сәйкес, төлем карталарын қабылдауға міндетті дара кәсіпкерде немесе заңды тұлғада тиісті жабдық болмаған жағдайда алдымен ескерту жасалады», – деп мәлімдеді мемлекеттік кірістер комитеті.

Егер кәсіпкер бір жыл ішінде осы талапты қайта бұзса, айыппұл салынады. Оның мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай белгіленген. Шағын бизнеске – 40 АЕК, орта бизнеске – 60 АЕК, ал ірі бизнеске 80 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Шілде айынан бастап шаштараздар, сұлулық салондары, курьерлік қызметтер мен бірқатар басқа да кәсіп түрлері клиенттерден төлемді карта немесе мобильді төлем жүйелері арқылы қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті болады.

Фото: pixabay.com

Leave A Reply

Your email address will not be published.