Тараз қаласында 196 отбасының баспана мәселесі шешілді

38

Тараз қаласының Әулиеата ауданындағы Ұлы дала (15) шағынауданында бой көтерген 196 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй ел игілігіне берілді.

Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, сондай-ақ облыстық, қалалық ардагелер және қоғамдық кеңестернің төрағалары, зиялы қауым өкілдері қатысып, қоныс иелеріне ақжарма тілектерін жеткізді.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Биыл облыс бойынша 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен Тараз қаласында 111,8 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделген.

Айта кетерлігі, өткен жылы облыс аумағында 16 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 1190 пәтерді қамтитын 31 көпқабатты тұрғын үйді ел игілігіне тапсыру жоспарланып отыр.

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, мемлекет қолдауының арқасында халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарды тұрғын үймен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.

– Бүгін баспаналар тұрғын үй кезегінде 10 жылдан астам уақыт тұрған азаматтарға берілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған және түгендеу рәсімінен уақытылы өткен азаматтардың барлығы портал арқылы өз бетінше өтінім беріп, қажетті құжаттарын рәсімдеді. Олар жалдау шарттарына қол қойып, жаңа пәтерлерінің кілттерін алды.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде шамамен 60 мың адам тұр.Бүгінде 2016-2017 жылдары кезекке тұрған азаматтар баспанамен қамтылуда. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады.

2026 жылы еліміз бойынша жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер саны рекордтық деңгейге жетті. Қазіргі уақытқа дейін шамамен 12 мың пәтер пайдалануға беріліп, оларды бөлу және тапсыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 8 мыңға жуық пәтердің пайдалануға берілуі жоспарланған. Жалпы алғанда, биылғы көрсеткіштер соңғы жылдардағы ең жоғары нәтижелердің бірі болып отыр, – деді Отбасы банк төрағасы.

Қоныс иелерінің атынан сөз сөйлеген Арайлым Шатырова көптен күткен қуанышымен бөлісті.

– Тұрғын үй кезегінде тұрғаныма он бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде өз баспанамыз болса деген үмітпен күттік. Бүгін сол арманымыз орындалып, екі бөлмелі пәтердің кілтін алып отырмын. Бұл – мен үшін ғана емес, отбасым үшін де үлкен қуаныш. Осындай мүмкіндікті сыйлаған мемлекетке алғысым шексіз, – деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.