Мойынқұм аймағында сексеуіл тоғайларын заңсыз кесу дерегі жиілеп барады. 2013 жылдан бері елімізде сексеуілді рұқсатсыз бұтау заңмен қудаланады.
Соған қарамастан Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген ағашты аралап, сатушылардың әрекеті тиылмай тұр. Сондай оқиға кезекті әуе рейді кезінде анықталды.
Ми-117 тікұшағымен әуеден бақылау барысында инспекторлар назарына сексеуіл тиелген жүк көлігі түсті. Тоғайдан шыққан көлік елді мекенді бетке алып, қаша жөнелді. Тікұшақ қосымша жанармай құйып, кері айналғанша олар жүкті төгіп үлгріпті. Күдіктілер көлігін тастай қашып, қалың ағаш арасына жасырынып қалған.
Жалғасбай Омаров, Алматы облыстық орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы:
— Өздері тастап машинаны, жиденің ішіне кіріп қашып кетті. Бірақ машинада лесхоздың картасы тұрыпты. Онда берілген кварталдар. Білмеймін енді лесхоздың сотруднигі болды ма? Бұндай қашу деген редкий случай болатын.
Көліктен табылған айғақты заттар мен ұялы байланыс телефон арқылы оларды табу қиын бола қоймас. Жалпы Мойынқұм өңірінде осындай деректер көп екен.
Сәкен Ділдахмет, орман шаруашылығымен жануарлар дүниесін қорғау комитетінің баспасөз хатшысы:
— Бізде сексеуілді сатуға және оны кесуге ҚР Үкіметі тарапынан тыйым салынған. Барлық сауда орындарында бұл сатылмайды. Міне осы тараптан жергілікті құқық қорғау органдары қатаң бақылауға алу керек. Мұндай заңсыз фактілердің көп кездесуі облыста ішкі бақылау жұмыстарының аздығын көрсетеді.
«Шудың бойында сені іздедім» деген хит әнді жергілікті табиғатты қорғау инспекторлары жиі әзілдеп айтады. Өйткені дәл осы Шу өзенінің бойындағы Жусандала және Андасай сияқты табиғатты қорғау аймағына аңшылар жиі келіп, аң-құс атады. Ал бұл жерде аңшылық жасауға ешқандай рұқсат етілмеген.
Инспекторлар қару асынған аңшылардың үстінен түсті. Шу өзенінің бойында аңның сан ауан түрі кездеседі. Әсіресе, қабан мен қырғауыл көп. Балық аулауға да қолайлы. Бірақ бұл аңшылардан ондай олжа табылмады. «Мұндай жағдайда әккі аңшылар атып алған аң-құстарын жасырып үлгереді», — дейді тәжірибелі инспекторлар.
Бақтыбай Төлеубаев, Оңтүстік Балқаш аумақтық инспекциясының басшысы:
— Бұл жерде бап әкімшілік кодекстің 383-бабы 3-тармағымен қаралады. Айыппұлды сот шешеді.
Егер заңсыз аң аулаушылардың іс-әрекеті дәлелденсе, сот шешімі бойынша оларға 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал сексеуіл кесіп, инспекторлардан қашқан тұлғалардың ісі бойынша Жамбыл облысы, Мойынқұм аудандық Ішкі істер бөлімінде қылмыстық іс қозғалды. Жалпы биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша заңсыз аң аулап, орманды ойрандаған 5855 адам әкімшілік жазаға тартылған.