Шекарашы қырғыздың қауіпті қылмыскерін құрықтады

712

Шекарашылардың қызметі қауіп пен қатерге толы екені белгілі. Десе де, сарбаздарымыз өздеріне артылған міндет пен жауапкершілікті сезініп, бүгінде қай шекара бекетінде  болмасын қырағылық танытуда. Оған дәлел, осыдан бірнеше ай бұрын «Сыпатай батыр» шекара заставасынан заңсыз облыс  аумағына өтпек болған қырғыз азаматын екі сарбазымыз құрықтағанын жазған болатынбыз. Тіпті, қатардағы жауынгерлер заң бұзушы ұсынған параны алмай, Отан алдындағы борышын адал өтегені үшін арнайы марапатталған еді. Енді міне, жуырда ғана «Кеңес» шекара бекетіндегі тағы бір сарбазымыз заңсыз шекара бұзған қырғыздың қауіпті қылмыскерін құрықтап, ерлігімен көзге түсіп отыр.  

Қатардағы жауынгер Е.А. Арынбек  пен Б.Ж.Оңалбек «Бақылау бекеті» шекара нарядында қызметтік міндеттерін атқару кезінде сағат 14.30-да облыс аумағынан мемлекеттік шекараға жақындап келе жатқан көлікті  байқайды. Шекара наряд басшысы Е.А.Арынбек  кіші шекара нарядына осы көліктің  іс-қимылын бақылауды тапсырып, өзі темір бақылау мұнарасынан түсіп, шекара сызығын  қадағаға алады. Шамалы уақыттан кейін әлгі көлік   жақын маңдағы көлдің  жанына тоқтап, оған қарай  тікенек цинкті сымнан асып түсіп, Қырғызстан   Республикасынан облыс  аумағына қарай  бет алған заң бұзушыны  көреді. Бұл жайтты тез арада шекара заставасына баяндаған Арынбеков  заң бұзушының ізіне түседі. Бұны  байқап қалған Қырғызстан азаматы қаша жөнеледі. Е.А.Арынбек  өзінің жете алмайтынын біліп, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» заңына сәйкес, «тоқта атамын» деп бірнеше рет ескерту жасайды. Алайда шекара бұзушы  ескертуге құлақ аспағаннан кейін, қатардағы жауынгер ауаға оқ атады. Шекарадан 100-150 метр қашықтықта құлап қалған заң бұзушыға «жерге жат» деген бұйрық берілгенде, ол 100 мың теңге көлемінде пара ұсынып, босатуын сұранады. Алайда Отан алдында берген антына адал сарбаз парадан бас тартып, заң бұзушыны заставаға апаруға әрекет етеді. Осы сәтте қырғыз азаматы жауынгерді қорқытпақшы болып, өзіне  қарай ұмтылады.  Өзіне беттеп  келе жатқан шекара бұзушыны тоқтатпақ мақсатта Арынбек  бірнеше мәрте ауаға от атқанымен, ол алған бетінен қайтпайды. Сол сәтте шекарашы тез арада шешіп қабылдап, мемлекеттік шекара бұзушының аяғынан оқ атады. Бұдан кейін, жерге құлаған  қырғыз азаматының  жарақатын  көртешемен таңып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді.

«Беркут» бірыңғай ақпарат жүйесі арқылы тексеру кезінде аталған шекара бұзушысына Қазақстан Республикасына кіруге тыйым салынғаны белгілі болды. Сонымен қатар, ол Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 94-ші бабы бойынша сотталып, іздеуде жүр екен. Осылайша Тараз шекара жасағының сарбазы қырғыздың қауіпті қылмыскерін құрықтап,  ерлік танытты.

Айнұр Жапбарова, 2035 әскери бөлімінің тәрбие, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар бөлімінің аға лейтенанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.