«Жігіт сұлтаны – 2018» байқауы өтті

1 262

Бүгінде ұрпақ үшін ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, дәстүрімізді дүйім жұртқа дәріптеу басты парыздарымыздың бірі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының да негізгі өзегі — осы ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау мен сананы серпілтуге бағытталып отыр. Дарынды, жан-жақты дамыған жастарды қолдау, оларды шығармашылық ізденіске жетелеу ұлтымыздың ұстанған мұраты десек те артық айтқанымыз емес. Осы орайда, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен облыстық «Жігіт сұлтаны – 2018» байқауы биыл да өз деңгейінде дүркіреп өтті.

Ерболат Тауасаров

Аталмыш шара жалпы екі күнді қамтыды. Байқауға облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төралқа мүшесі Шәріп Дәулетбаев, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева, «Әулие-Ата» ат спорты клубы директорының орынбасары Төлеген Жұматаев қазылық етті. Жарыс ережесіне сәйкес дода екі бөлімнен тұрып, бірінші күні спорттық шараларға басымдық берілді. Аламанның алғашқы айналымы – ат үстіндегі спорттық ойындар Байзақ ауданындағы Үлгілі ауылында өтті. Бұл кезең «Ұлы дала тарландары» деп аталып, Ұлы даланың бүгінгі батырлары мұнда аударыспақ, жамбы ату, кір тасын көтеру, теңге ілу сынды спорт түрлерінен бақ сынады. Сайдың тасындай сайланған сайыпқыран жігіттер өздерінің жарысқа тас түйін, тыңғылықты дайындықпен келгендіктерін алғашқы сәттерден-ақ байқатты. Алайда, арасында ат үстінде іркіліп, білгенінен жаңылып жатқандар да болды. Десе де, көрерменнің қиқуы аламан көркін қыздыра түсіп, жігіттер жүлде жолында аянып қалмады.
Жоғарыда аталған спорттық ойындар нәти­же­сінде І орынды Байзақ ауданының үкілеп қосқан үміті Ерболат Тауасаров жеңіп алса,
ІІ орынды сарысулық Шұғай Нұрдос қанжығалады. ІІІ орынды таластық Әділет Шохалақов пен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Тұрым Зейнулла өзара бөлісті.
Сайыстың екінші күнінде тартыс одан әрі қыза түсті. Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде жалғасқан байқауда сегіз қырлы, бір сырлы нар жігіттеріміздің намысты бәсекесіне куә болдық. «Мен алаштың ұлымын» айналымында қатысушылар өзінің туып-өскен жерін, отбасы мен ортасын, өнері мен өнегесін өлеңмен өрсе, енді бір тарабы өздерін әнмен әрлеп таныстырды. Әсіресе, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің қатысушысы Тұрым Зейнулла мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінен келген Ердәулет Белгібаевтың театрландырылған көрініспен шығуы көпшіліктің көңілінен шықты. «Сегіз қырлы, бір сырлы» айналымында жігіттеріміз сахна төрінде шығармашылық қабілеттерімен қатар, спорттық шеберліктерімен қазыларды таңғалдыруға тырысты. Байқаудың соңғы айналымы «сұрақ-жауап» кезеңінде ұлтымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен қоғам өміріндегі әртүрлі жағдайлардан сұрақтар қойылды.
Сонымен екі күнге созылған дүбірлі доданың нәтижесінде бас жүлдені Байзақ ауданының намысын арқалаған Ерболат Тауасаров иеленіп, «Жігіт сұлтаны» атанды. І орынға сарысулық Шұғай Нұрдос қол жеткізсе, ІІ орын таластық Әділет Шохалақовқа бұйырды. Ал, ІІІ орынды М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Тұрым Зейнулла жеңіп алды.
Жарыс жолында бақ сынаған өзге қатысушы­лар­ға да арнайы Алғыс хаттар ұсынылып, жеңім­паздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртқан байқау көпшілікке рухани азық беріп, көптің көкейінен шықты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.