Бүгін облыс әкімдігінде сегіз айдың қорытындысына байланысты жиын өтті. Өңір басшысы Асқар Мырзаxметов қатысқан басқосуда ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында атқарылған жұмыстың көрсеткіштері назарға алынды.
Жыл басынан бері орын алған негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталған. Нақтырақ айтқанда, есепті кезеңде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 106,3 пайызды құраған.
Экономиканың басты бағыттары өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салалары бойынша облыстық көрсеткіш республикалардағы алдыңғы төрттіктің қатарынан көрінген. Бұл туралы жиын барысында облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндады.
Өңірдің экономикалық дамуы ойдағыдай. Дегенмен, бірқатар жекелей көрсеткіштер көңіл көңшітпейтіні жасырын емес. Айталық, өңдеу өнеркәсібінің тамақ өнімдерін, тоқыма, киім, резеңке және пластмасса мен металл бұйымдарын және өзге металл емес минералдық өндіру салаларында теріс динамика орын алған.
Баяндамашының мәліметіне сүйенсек, өнеркәсіп саласында Т.Рысқұлов ауданынан басқа барлық өңірлер өсім байқатқан. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 5,2 пайызға артқанымен, Мойынқұм ауданында бұл көрсеткіш қысқарғаны анықталған. Мал шаруашылығының жалпы өнімін Қордай, құрылыс саласында Сарысу мен Қордай, инвестиция бойынша Қордай, Талас, Мойынқұм, Шу аудандары өткен жылмен салыстырғанда көрсеткішті төмендетіп алған.
Сондай-ақ экономика салаларындағы оң үрдіс бюджетке кірістердің ұлғаюына ықпал еткен. Атап айтсақ, мемлекеттік бюджетке түсімдер өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға өсті десек, оның ішінде жергілікті бюджетке түсім 16,3 пайызды құраған. Бұл бағытта барлық аудандарда өсімге қол жеткізілген.
Алқалы жиында облыс әкімдігінің барлық басқармалары өз салалары бойынша есеп беріп, белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізе алмай отырған аудандарға тоқталып өтті.
Асқар Исабекұлы онлайн режимде аудан әкімдерінен төмен көрсеткіштер бойынша сауалдар жолдап, жауаптар алды.