Жамбыл облысында биыл 7 «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі

115
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру барысы жан-жақты сараланды.

Жиынға «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов пен бірқатар мердігер ұйымдардың өкілдері бейне-байланыс арқылы қатысты.

Жамбыл облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде жалпы 9500 оқушыға арналған 12 мектеп салу жоспарланған. (Таразда — 4, Байзақ ауданында — 1, Жамбылда — 1, Қордайда — 3, Меркіде — 1, Шуда — 2). Ағымдағы жылы оның жетеуі пайдалануға беріледі десек, қалған бесеуінің құрылысы 2025 жылы аяқталатын болады.

Жалпы, 6200 оқушыға арналған 7 мектептің құрылысына 15,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, трансфертпен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жіберілген.

Мәулен Айманбетов техникалық, авторлық қадағалау қызметтерінің және мердігерлердің жұмыстары сапалы орындалуы керектігін баса айтты.

Жиын барысында әр мектептің құрылыс жұмыстарына қатысты мердігерлерден жеке-жеке жауаптар алынып, нақты міндеттер жүктелді. Сондай-ақ, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбайдың да есебі тыңдалды.

Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының өңірдегі үш ауысымды және орын тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешудегі маңыздылығын атап өтті.

Облыс әкімі жауаптыларға құрылыстардың сапасын қатаң бақылауда ұстау және мерзімінде аяқтау үшін тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.