АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

391
Қасіретті ауған соғысы Қазақстанға да өз зардабын тигізбей қойған жоқ. Бұл соғыс алып мемлекеттің бір бұрышында жатқан шағын ғана Сарысу ауданына да өз шарпуын тигізді.
Ауған соғысына біздің ауданнан да Кеңес Одағының әр түкпірінде әскери міндеттерін өтеп жатқан көптеген жауынгерлер қатысты.
Бүгін Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай, ауған соғысы ардагерлеріне мерекелік дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Мерекелік шарада ауған соғысының ардагерлері «Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл» медалімен, сондай-ақ ауданның дамуынан өзіндік үлесін қосқан және қосып келе жатқан бір топ ардагерлер «Сарысу ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісімен, Алғыс хаттармен марапатталып, сый-сыяпаттар жасалынды.
Шара барысында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері әсем әннен шашу шашып, ардагерлерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қазіргі таңда ауданда Ауғанстанда соғысқа қатысқан 25 ауған соғысының ардагерлері тұрады.
Ауған соғысының ардагерлері түрлі салада еңбек етіп, ауданның дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Сонымен қатар, аудан өміріне, қоғамдық, мәдени шараларға, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жұмыстарына белсене араласып келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.