«КӨШЕГЕ ҚОҚЫС ТАСТАҒАН ЕМЕСПІН»

237
«КӨШЕГЕ ҚОҚЫС ТАСТАҒАН ЕМЕСПІН»,-
дейді Естебек Бердіқожаев.
Дамыған қоғам үшін ұстаздық, дәрігер мен өрт сөндірушінің маңыздылығы қандай болса, еден жуушы мен аула сыпырушының маңыздылығы да дәл сондай. Біз үнемі Жапония сияқты және басқа да дамыған өркениетті ел болуды армандап сөз етеміз. Алайда, біздің санамыз, мәдени деңгейіміз бен отансүйгіштігіміз, ұлтжандығымыз сол деңгейге жетті ме? Мысалы, Жапонияда аула сыпырушы деген ең құрметті қызметтің бірі.
Өйткені, ол қызмет иелерінің арқасында жапон халқының даму деңгейі мен мәдениетін әлем халқы білетін болады деген түсінік бар. Аула сыпырушы қаншалықты өз қызметін жақсы атқарса, соншалықты мекеме алды таза болады. Жапонияда аула сыпырушыға 2200 доллардан жалақы береді. Күн Шығыс елінде көптеген компания басшылары өз компанияларының алдын өздері сыпырады. Оны бір жағынан жаттығу санаса, екінші жағынан тазалықты өздері тікелей қадағалауды ұнатады. Әрине, ондай компанияларда аула сыпырушылар да қызмет етеді. Ал енді біздің қоғамға қайта оралайық. Көптеген жандар аула сыпырушыны көрсе, оны қоғамның ең төменгі тобы, я өмірде жолы болмаған жан санайды. Өйткені, біздің қоғам үшін жетістіктің басты белгісі аула сыпырушы, ыдыс пен көлік жуушы, даяшы мен күзетші, жүк тасушы болмау арқылы өлшенеді. Қоғамдағы көп адам аталған қызмет түрлерінің бар болғаны жұмыс екенін ескере бермейді. Біз осыны қашан түсінеміз, сол сәтте шынайы алға жылжу болады. Ал оған дейін шай басында «Жапония сияқты қашан боламыз?» деген әңгіме жалғаса бермек.
Аудан орталығындағы Амангелді көшесінің бойында орналасқан «АМАNАТ» партиясы Мойынқұм аудандық филиалы ғимаратының алдын, айналасын қысы-жазы елу жасты еңсерген жігіт ағасы жазда сыпырып, қыста қарын күреп жатады. Ғимаратта партия филиалымен қоса екі мекеме қоныс тепкен. Осы мекемелердегі жұмысшы-қызметкерлердің көңіл-күйін көтеріп, жұмысқа деген ынтасын филиал ғимаратының табалдырығын аттаған сәтте байқауға болады. Жол жиегіндегі арық пен ғимарат алды қашанда тап-таза болып жатады. Бұл партия филиалының аула сыпырушысы Бердіқожаев Естебек Есілбекұлының еңбегі. Естебек СПТУ-62 атты оқу орнын автокөлік және трактор жүргізушісі мамандығы бойынша бітіріп шығып, Құмөзек совхозында көмекші шопан, кейіннен аға шопан болып жұмыс істейді. Содан соң Отан алдындағы әскери борышын өтегеннен кейін ДЭУ -219 мекемесінің құрылыс учаскесіне құрылысшы болып жұмысқа тұрады. Қолы қалт еткенде ауыл тұрғындарының өтінішімен жеке секторда құрылыс жұмыстарын істейді. Ол бұған дейін №19 спорт мектебінде бірнеше жыл аула сыпырушысы болып еңбек етті. Мұнда жұмыс атқарғанда тек ауланы сыпырып қана қоймай, ғимараттың айналасына түрлі ағаш көшеттерін отырғызып, гүлзар алаңдарын жасауға атсалысады. 2021 жылдан бері «АМАNAT» партиясы аудандық филиалына аула сыпырушы болып жұмыс істеп келеді. Осында еңбек еткен алғашқы күннен бастап-ақ ғимарат айналасындағы жөн-жосықсыз өскен ағаштарды тамырымен жұлып ретке келтіреді. Босаған жерлерге түрлі гүлдер, жоңышқа егеді. Ғимараттың іші-сыртындағы, дәретханадағы, көзге оғаш көрінетін есіктерді, қоршауды жөндеп, қалпына келтіреді. Естебек ғимараттың үш жеріне қоқыс тастайтын жәшік қойып, мекемелерде жұмыс істейтін азаматтарға темекі тұқылы мен қоқыстарды осы жәшікке тастауды ескертеді. Бірақ алғашқыда оның ескертуіне мән бермеген жұмысшы-қызметкерлер кейін түсініп аула сыпырушының талабын орындайтын болды. Қазір ғимарат айналасынан шашылып жатқан артық затты, темекі тұқылын көрмейсіз.
— Мен таңнан кешке дейін тазалық жұмыстарын жүргіземін. Сыпырғыш, күрек, арба қолымнан түспейді. Өзім тазалыққа құштармын. Үйімде де тазалықтың болғанын қалаймын. Үнемі жан-жағымды жинап, тазалап жүремін. Көшеге ешқашан қоқыс тастаған адам емеспін, — дейді Естебек Бердіқожаев.
Біз бұл кәсіп барлық жерде «еңбегі адал, еті һарамның» кебін киіп жүр ме деген оймен ғаламторды ақтарғанбыз. Еуропа мен АҚШ-та аула сыпырушыға екінші сортты адам ретінде қарамайды екен. Германияда аула сыпырушының айлығы 700-900 евро (біздіңше шамамамен 350 мың теңгеден аса), Австрияда 1900 евро (900 мың теңгеге жуық). Тіпті орта есеппен 17000 рубль (80 мың теңгеден аса) алатын ресейлік аула сыпырушының көрген күні біздікінен көш ілгері. Еуропадағы жоғарғы тазалық мәдениеті және аула сыпырушының қоғамдағы өзіндік рөлі, оның жұмысын айрықша жеңілдетеді. Бір мысал: ит-мысықты серуендетіп жүргенде арнайы орынға жетіп үлгермей «түзге» отырып қойған төрт аяқты достарының дәретін иелері арнайы қалақшамен пакеттеріне салып алады. Ал бізде ол бас қатыратын мәселе емес. Кандендерін жетектеп, мысықтарын қолтықтарына қысқан азаматтар «еркетотойларының» қалаған жерге дәретке отыруына рұқсат ете береді. Қала берді жасы да жасамысы да аулада, көшеде шемішке шағып, ішімдік, түрлі –сусындарды ішіп, босаған ыдыстарын кез келген жерге лақтырып кете береді. Сөйтіп, маңайын бүлдіргенді ұят көрмейді. «Аула сыпырушының еңбегі – еш, маңдай тері тұз» болмауы үшін алдымен қоғам түзелуі керек. қоғам түзелсе аула, көше санитарының да мәртебесі көтеріледі.
Жуырда еліміздің Парламенті төрінен Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова аула сыпырушы, еден жуушы, күзетші, электрик, ағаш ұстасы секілді мамандықтар азаматтық қызметшілер қатарына кірмегендіктен айлық жалақыларының төмен екендігін, оны жуық арада қарап реестрге кіргізіп, олардың айлық жалақыларын көтеріп, әлеуметтік төлемдер жасау тетіктерін іске қосу қажеттігін ескертіп Үкіметке сауал тастады. Әрине, халық қалаулысының айтқаны орынды. Тек «Халық үніне құлақ асатын үкімет» оған құлақ асып, оңды шешім шығарса.
— Мекеме ғимараты айналасына түрлі жеміс ағаштарын, гүл де ектім. Әлі де көгалдандыру жұмыстарын жүргіземін. Мұның бәрі жақсы әдет. Балама, немерелеріме де жүрген жерлеріңде ағаш отырғызып, үнемі тазалыққа құштар бол деп айтып отырамын,- дейді Естебек Есілбекұлы Бердіқожаев.
Жолдыбай ДӘМЕТОВ,
«Мойынқұм таңы».

Leave A Reply

Your email address will not be published.