Білім саласына қатысты өзекті мәселелер қаралды

167

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы отырысы өтті. Басқосуда облыстық білім басқармасы мен оған қарасты мекемелерге азаматтардан түскен өтініштердің барысын талқыланды.

Ол бойынша алдымен партия облыстық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үмітбала Ибраймова баяндама жасап, 2023 жылғы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Оның айтуынша, Қабылдауларда көтерілген басты мәселелердің 43%-ы әлеуметтік көмекке мұқтаждық бойынша, 13%-ы білім саласына қатысты екен.

Келесі кезекте, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысамбаев баяндама жасады. Ол Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес 2023 жылы басқармаға және қарасты мекемелерге жалпы 10 765 жолданым түскенін жеткізіп, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 6,4%-ға көбейгенін тілге тиек етті. Олардың көпшілігі оқушылардың оқу процесіне, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, құрылыс саласына, мемлекеттік қызмет көрсету стандартына шағым, мекеме басшыларының, қызметкерлердің іс-әрекеттеріне байланысты екен.

Ал, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қазіргі таңда облыстағы 59 мектеп директорының орны бос тұрғанын жеткізіп, шешу жолдарын сұрады. Оның ішінде, 2-3 жыл басшылықсыз отырған білім нысандары бар екен. Басшысы болмаған балаларды білім нәрімен сусындатып отырған мектептерде түрлі мәселелердің туындайтынын жасырын емес. Дегенмен, облыстық білім басқармасы басшылығының сөзіне сенсек, алдағы Ақпан айында мектеп директорлығына үміткер азаматтар үшін тест жүргізіле бастайды екен. Ол үшін жақын күндері конкурстар жарияланбақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.