Таразда «Ұлттық код. Ұлттық сана. Ұлттық бірегейлікті сақтау» аймақтық байқауы өтті

1 405

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп атап көрсеткен болатын. Расында да, тіл – ұлттың жаны, намысы.

Осы орайда, Тараз қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы қызметкерлерінің арасында Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Ұлттық код. Ұлттық сана. Ұлттық бірегейлікті сақтау» тақырыбында аймақтық байқау өтті. Ана тілімізді ардақтаумен қатар, еліміздегі барлық этностардың тіліне, салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауды көздеген байқау Әулиеата жерінде осымен екінші рет өткізілуде.

Әуелі, ауылдың алты ауызы ретінде облыстық филармонияның  өнерпаздары әуезді ән шырқап, сахнаның көркін аша түсті. Ал, сымбаты келіскен «Ақкербез» би ансамблінің қыз-жігіттері ұлттық билерімен мерекенің сәнін кіргізіп, байқауға қатысушылардың шабытына қанат бітіргендей болды. Оңтүстік аймақтар – Алматы облысы мен қаласынан, Түркістан, Қызылорда облыстарынан және өзіміздің өңірден. барлығы бес команда аталмыш конкурста бақтарын сынады. «Таныстыру», «Сахналық көрініс», «Жыр сайысы» атты үш бөлімнен тұратын байқаудың көрерменге сыйлар  қуанышы да, берер тәлім-тәрбиесі де мол болды. Құқық саласында қызмет етіп, мемлекеттің жемқорлықсыз дамуы жолында тер төгіп жүрген азаматтар қай сайыста да аянып қалмай, бар өнерлерін паш ете білді.

Мысалы,  алматылық «Жетісу қырандары» командасы алаш азаматтарының тіл, ұлт болашағы жолындағы ерліктерін көрсетсе, Түркістан облысының «Тұран» командасы қазақ хандарының бүгінге жеткен өнегелі істерін сахналап, көптің көңілінен шықты. Жергілікті «Әулиеата» командасы қазақтың «Тұсаукесер» рәсімін барлық сән-салтанатымен өткізіп, көрерменді бір серпілтіп тастады. Өнер мен білім көркем өрілген байқауда жүлделі бірінші орынды Алматы қаласының командасы еншілесе,  екінші орын Түркістан облысының үміткерлеріне бұйырды. Ал,  Қорқыттың қобызының күңіренген үнімен тарихтың сырын шерткен Қызылорда облысының командасы үшінші тұғырдан көрінді.

Сайыс соңында қазылар алқасының төрағасы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арман Рахимов қатысушылар мен көрермендерді мерекемен құттықтап, бірінші  орын иегерлері Алматы қаласының командасына 22 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай өтетін республикалық сайысқа жолдаманы табыстады. Сонымен қатар, барлық топ алғыс хаттармен марапатталып, сайыс соңы облыстық филармония әншілерінің ән-жырымен жалғасын тапты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.