М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің өкілдігі ашылды.

173
Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, РХТУ ректорының м.а. Илья Воротынцев, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Евгений Пак, РФ Президенті жанындағы ғылым және білім саласындағы жастар ісі жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі Александра Глазкова, университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Басқосуда арнайы сөз алған қала әкімі Бақытжан Орынбеков университет базасында РХТУ өкілдігінің ашылуы химия саласын өркендетуге бастайтын басты қадамның бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін елімізде шетелдік жетекші университеттердің кемінде бес филиалын ашу туралы тапсырмасын айта отырып, бұл бастама нақты жұмыстың нәтижесі екенін тілге тиек етті.
Ал «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Евгений Пак РХТУ базасындағы «Қазфосфат» қызметкерлері үшін қосымша кәсіптік білім беру бағдарламасымен таныстырды. Сондай-ақ үшжақты келісім нәтижесінде атқарылған жұмыстар өзінің оң нәтижесін береріне сенім білдірді.
Ресей Федерациясының Президенті жанындағы ғылым және білім саласындағы жастар ісі жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі Александра Глазкова кадрлық әлеуетті одан әрі дамыту, жобаның нәтижелері мен даму жоспарлары туралы баяндады.
Жиын барысында Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Д.И.Менделеев атындағы РХТУ және «Қазфосфат» ЖШС арасындағы білім және ғылым саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойылды.
Айта кетейік, былтыр мамыр айында Алматы қаласында өткен РФ мен ҚР білім және ғылым жөніндегі үкіметаралық комиссиясының отырысында 2024 жылы қыркүйектен бастап Тараз қаласында РХТУ филиалын ашу туралы шешім қабылданған болатын. Сол шешімнің нәтижесінде бүгін Дулати университетінде Ресей химия-технологиялық университетінің өкілдігі ашылып отыр. Енді сәтін салса, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Тараз қаласында Д.И. Менделеев атындағы РХТУ филиалы өз жұмысын толық бастайды.

Тараз қаласының әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.