Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
«Сіз Жолдауыңызда АЭС салу-салмау мәселесі жалпыхалықтық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдедіңіз. АЭС «жасыл» энергия саналғанымен, қоғамда бұған қатысты әртүрлі пікір айтылып жүр. Мұндай нысан салу туралы жоспардың геосаяси астары да жоқ емес. Сіздің ұстанымыңыз қандай?» деген сұраққа ол:
– Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн.
Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды.
Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы.
Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді, — деп жауап берді.
«Jetisý» газеті