Жамбылдық 24 қаламгердің кітабы жарық көрді

94
Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен жергілікті 24 қаламгердің кітабы жарық көрді. Ол үшін облыстық бюджеттен 50 млн. теңге бөлінген.

Кіптардың тұсаукеріне қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта да қаламгерлерді қолдау шаралары жалғасатынын баса айтты.

Игі шара аясында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев өңірдегі зиялы қауыммен кездесіп, ой-ұсыныстарын тыңдап, мәдениет, руханият бағытындағы бірқатар мәселелерді талқылады.

Кездесуде өңірде әдеби орта құру, білім мен мәдениет ошақтарының санын арттыру, әдебиет майталмандарының шығармашылығын көпшілікке паш ету секілді мәселелер талқыланды.

Облыс әкімі жергілікті қаламгерлердің әрқайсысы әдебиетке үлес қосып, мүмкіндігінше қоғамға жақсылық жасау жолында еңбектеніп жүргенін атап өтті.

Сондай-ақ, аймақ басшысы жас буынды кітап оқуға тарту бойынша түрлі тетіктерді қарастырудың маңыздылығын атап өтті.

Басқосуда бірқатар қаламгерлер облыста мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, мәдениет пен әдебиетті насихаттауға бағытталған ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Атап айтсақ, есімі көпшілікке жақсы таныс қаламгер, балалар жазушысы Пернебай Дүйсенбин жамбылдық қаламгерлердің кітаптарын орыс тіліне аудару ісіне мән беру қажеттігін айтса, белгілі жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлы түркі-ислам тарихынан сыр шертетін «Баласағұн» ежелгі қаласына апарар жолды асфальттау, белгілі қаламгерлердің мерейтойларын атап өту және өңірдегі кейбір ауылдық елді мекендерде кітапхананың жоқтығы туралы мәселелерді көтерді.

Сондай-ақ, ардагер журналист Бекет Момынқұл ақын-жазушыларға Бауыржан Момышұлы атындағы арнайы стипендия тағайындау туралы ұсынысын айтып, қоғамда кітапханашылардың мәртебесін арттырып, жалақысын көтеруге көңіл бөлуді сұрады.

Ақын-журналист Байхаманбет Ахмет аймақта ақын-жазушылар арасында әдеби байқаулардың тұрақты түрде ұйымдастырылу қажеттігіне назар аудартты. Танымал ақын, «Абай» баспасының директоры, Ақберен Елгезек «Әулиеата» кітапханасын құру, ақын-жазушылардың қаламақысын реттеуге қатысты пікірімен бөлісті.

Өзге де қаламгерлер түрлі орамды ойларын ортаға салып, өзекті мәселелерді көтере білді.

Ербол Қарашөкеев барлық ұтымды ұсыныс-пікірлерді қолдап, олардың міндетті түрде назарға алатынын айтты. Өзекті мәселелерді шешу бойынша жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.

Аймақ басшысы өз сөзінде «Әулиеата» кітапханасын құру, кітаптардың электрондық нұсқасын жасау ісіне көптеп көңіл бөлу қажеттігіне тоқталып, махаббат символына айналған Қарахан мен Айша бибіге арнап бір поэма, роман жазылса, ол бойынша кино түсірілсе деген ұсынысын да тілге тиек етті.

Кездесу соңында облыс әкімі қаламгерлерге шығармашылық табыс тілеп, зиялы қауымды өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру ісіне бірлесе атсалысуға шақырды.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.