Еліміздегі іскер әйелдері қауымдастығы нәзік жандылардың басын косып, ортақ мүддеге жұмылдырған бірегей жоба. Бұл қауымдастық өз қамын емес, өзгенің күйін күйіттеп, елінің тағдырына алаңдайтын, бір-біріне көмек қолын соза алатын белсенді әйелдерден құралған.
Бүгін ауданда Сарысу аудандық іскер әйелдер қауымдастығының жиналысы болып өтті.
Жиынға Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Лештаева Меруерт Каттабайқызы, Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының аудандық филиалдармен жұмыс жөніндегі орынбасары Алтаева Сания Мақсұтқызы, Жаңатас қаласының әкімі Ілияс Домалақов және аудандағы іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері, кәсіпкерлер және мекеме, кәсіпорындардағы белсенді әйел-азаматшалар қатысты.
Жиынның күн тәртібінде Сарысу аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымын, төрайым орынбасарын, Жаңатас қаласы кәсіпкерлерінің төрайымын және орынбасарын сайлау туралы мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе байланысты Сарысу аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы болып белсенді кәсіпкер Ашимова Раушан Борисқызы сайланды. Оның орынбасары болып кәсіпкер Бақтыбаева Ақерке Амангелдіқызы сайланды.
Сондай-ақ, жиынға қатысушылар Жаңатас қаласы кәсіпкерлерінің төрайымына кәсіпкер Алданазарова Ерке Сағынбайқызының және орынбасарлығына Аманғалиқызы Эльвираның кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Жиынға қатысқан қонақтар сөз алып, жаңадан сайланған Сарысу аудандық іскер әйелдер қауымдастығы мен Жаңатас қаласы кәсіпкерлерінің жетекшілерінің жұмыстарына сәттілік тіледі.