Жігер Байділдин қоғамдық бақылауды күшейту үшін жемқорлардың тізімін жариялау сияқты заңнамалық нормалар пысықталып жатқанын мәлімдеді.
«Егер лауазымды тұлға немесе шенеулікке қатысты сот үкімі шығатын болса, онда ол уәкілетті органмен реестрге енгізіледі. Бұл – сайтта жария болады. Кез-келген азамат онлайн түрде сол сайтқа кіріп, қандай лауазымды тұлға қаншаға, қандай бап бойынша сотталды деген сияқты деректерді көре алады», — деп түсіндірді Жігер Байділдин.
Ол атап өткендей, парақорлар тізімін жариялау бойынша әуелі заңнамалық актілерді қабылдау қажет. Агенттік дерегінше, бекітілуі мүмкін ереже ешкімнің заңды құқығын шектемеуі және ҚР Конституциясының талаптарына қайшы болмауы тиіс.
Ведомствоның ресми өкілі Арман Тілеукеновтің айтуынша, бұл жүйе жұмыс берушілер үшін тиімді болмақ. Нақты тоқталсақ, қандай да бір кандидатты қызметке алмас бұрын, басшы сол сайтқа кіріп, ол үміткердің жемқорлық жасаған-жасамағанын біле алады.
Сот үкіміне сай жазасын өтеп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне салынған тыйым уақытын өткергеннен кейін реестрде тұрған азаматтардың деректері тізімнен алынып тасталуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі әзірге бұл талаптарды пысықтап жатыр.https://stan.kz/kazakstanda-zhemkorlardin-tizimin-zhariyalaytin-arnayi-390649/