«Тараз-қауіпсіз қала»

150
«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Тараз-қауіпсіз қала» концепциясын іске асыру барысы мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі мекеме аралық кеңес өтті.
Басқосуға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қала прокуроры Нұржан Боранбаев, бөлім басшылары мен мектеп директорлары қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Нұржан Қанайұлы басқосудың маңыздылығына тоқталды.
— Баршаңызға белгілі, бүгінде елімізде жасөспірімдер құқық бұзушылығы мен оларға қатысты жасалатын қылмысқа қарсы күрес күшеюде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында осы мәселеге баса мән берді. Бұл бағытта шаһарда атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен, әлі де олқылықтар бар екенін жасыра алмаймыз. Сондықтан бүгін сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдап, кемшіліктерді саралауға жиналып отырмыз, — деді қала прокуроры.
Келесі кезекте жиынның күн тәртібіне сәйкес Тараз қалалық прокуратурасы қоғамның мүддесін қорғау бөлімінің бастығы А.Тілешов, Тараз қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Н.Керебаев, қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Тоғатаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы А.Терлікбаева 2023 жылдың өткен мерзімінде Тараз қаласының аумағында кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың, оның ішінде олардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мәселелері туралы баяндады.
Бұдан кейін Тараз қалалық прокуратурасы қоғамның мүддесін қорғау бөлімінің бастығы Д.Сатыбалдиев, Тараз қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ж.Мамбетқұлов, Тараз қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Е.Сыздықов уәкілетті органдармен алаяқтық, оның ішінде интернет алаяқтықтың алдын алу, жолын кесу және болдырмау мақсатында қабылданған шаралардың тиімділігін тілге тиек етті.
Жиын барысында Бақытжан Әмірбекұлы жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күресте жауапкершіліктің маңызды екенін баса айтты.
— Біз үшін әрбір баланың қауіпсіздігі маңызды. Мұны мектеп басшылары да, ата-аналар да жете түсінуі керек. Алайда, кейбір кезде осыны жете ұғына алмай жатамыз. Салдарынан жасөспірімдеріміз қылмысқа бой алдырады. Көп жағдайда мұның барлығы немқұрайлылықтан орын алатыны жасырын емес. Сондықтан бұл мәселеде барынша қырағылық танытып, бірлесе шешкеніміз жөн, — деген шаһар басшы бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар тарапынан түрлі ой-пікірлер ортаға салынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.