Депутат Саиров «Әлия Назарбаева мен «ӨКМ операторы» туралы мәлімдемесін түсіндірді

87

Саиров депутаттарға және “Amanat” партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесіне сотталушылардан арыз-шағымдар, сондай-ақ, кейбір конституциялық қағидаттардың сақталмауы туралы халықтан өтініштер түскенін айтты.

«Конституцияның 14-бабында ҚР әрбір азаматы сот пен заң алдында тең екені айтылған. Тергеу шаралары жүргізілген кезде, сот процесі жүріп жатқан кезде кез келген мемлекеттік қызметші дәл осы қағиданы басшылыққа алуы керек. Бүгінде бұл принциптердің кей жерде жұмыс істемейтінін көріп отырмыз. Сондықтан, бұған Бас прокуратураның назарын аудардық», – деп түсіндірді депутат.

Ерлан Саировтың айтуынша, ол қазірдің өзінде Бас прокуратураға жазбаша сауал жолдап, қадағалаушы органның жауабын күтіп отыр.

«Мен белгілі бір құқықтық мәдениетті қалыптастыру керек деп есептеймін. Құқық қорғау органдарының нақты бір адамға қоятын сұрақтары болса, ол өзінің кінәсіздігін көпшілік алдында дәлелдеуі керек. Егер мұндай принцип болмаса, бізде заңдылық, әділдік болмайды. Сондықтан әртүрлі жолмен, әртүрлі арналар арқылы Қазақстанда жаңа құқықтық философия қалыптасатындай принципке жетуге ұмтыламыз. Бұл конституциялық принциптерге қатысты мәселе. Конституциялық қағидаттар барлық жерде және әр кезде қолданылуға тиіс», – деді мәжілісмен.

БАҚ таратқан мұндай ашық мәлімдемеден кейін ескерту, тіпті қорқыту болды ма деген сұраққа депутат былай деп жауап берді.

«Жаңа Қазақстан жайдан-жай болма салмайды, солай емес пе? Біз қазір белгілі бір құқықтық принциптерді жасап, белгілі бір прецеденттерді қалыптастыруымыз керек. Егер жаңа жақсы құқықтық прецеденттер болмаса, халықтың сенімі құнсызданады. Сондықтан, бұған бәріміз атсалысуымыз керек. Әрқайсы құқықтық тұрғыдан Жаңа Қазақстанның әділ қоғам ретінде орнығуын қамтамасыз етуге ұмтылуы керек».
Еске салайық, бұған дейін депутат Ерлан Саиров Әлия Назарбаеваға қатысты күтпеген мәлімдеме жасаған еді.

https://stan.kz/deputat-sairov-aliya-nazarbaeva-men-okm-operatori-tural-388586/

Leave A Reply

Your email address will not be published.