Қала әкімі қолөнершілермен кездесті

79
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қолөнершілермен кездесті. Әуелі шаһар басшысы аталған жиынның маңыздылығына айрықша тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, 2022 жылдың 28 қыркүйегінен бастап Тараз қаласы аккредиттеуден сәтті өтіп, 56-шы болып Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие болды.
Киелі Тараз ежелден Ұлы Жібек жолындағы қолөнер және сауда орталықтарының бірі болған. Айта кетейік, еліміздің бүгінгі күнге дейін бірде-бір қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізілмеген. Тараз қаласы осы тізімге өзінің үлкен туристік және қолөнершілік әлеуетінің арқасында республика бойынша бірінші болып еніп, осындай үлкен құрмет пен мәртебеге ие болып отыр. Бұл мәртебені сақтап қалу үшін ұлттық қолөнерді дамытып, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсетіп, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Осы игі бастамаға шын жанашырлық танытып, біздің қолөнершілер өз үлестеріңізді қосып келесіздер, – деген қала әкімі қолөнерді дамыту бойынша алда атқарылатын жұмыстар жөнінде де баяндады.
Айталық, ағымдағы жылы Қала күніне орай «Киіз Fеst» байқауы мен Республика күні қарсаңында «Ұлы дала өрнектері» тұскиіздер фестивалін ұйымдастыру жоспарлануда.
Бұдан кейін өнертанушы, доцент, техника ғылымдарының кандидаты, белгілі дизайнер, «АSPARA FASHION WEEK» сән апталығының президенті, «Асыл-Дизайн» сән үйі мен «Аспара» модельдік өнер және бизнес колледжінің негізін қалаушы Айдархан Қалиев бастаған қолөнер шеберлері өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Өз кезегінде шаһар басшысы барлық ұсыныстар назарға алынып, сол бойынша жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ қолөнершілердің жұмысын үйлестіру үшін арнайы комиссия құрылды.

 

Тараз қаласының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.