«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының атқарушы директоры кеншілерді тірідей табудан үміт үзбейтінін айтты
«Қазақстан» шахтасындағы өрт әлі сөнбеген. Бұған қоса, 600 метрден астам тереңдікте болған төрт кенші әлі табылған жоқ, деп хабарлады turkystan.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Шахтадағы қазіргі ахуал туралы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының атқарушы директоры Виктор Гафиулов баяндады. Ол компания кеншілерді тірідей табудан үмітін үзбейтінін айтты.
«Қазіргі уақытта қалыпты желдетуді қалпына келтіру және кеншілерімізді іздеуді жалғастыру мақсатында өртті оқшаулау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының 12 бөлімшесі жұмыс істеп жатыр. Қаза болған бір адамның мәйіті табылып, жер бетіне шығарылды. Үмітімізді үзбейміз және міндетті түрде кеншілерді іздеуді жалғастыра береміз. Барлығын шыдамдылық танытуға және үміт үзбеуге үндейміз. Қазір Көмір департаментінің барлық күші кеншілерді құтқаруға жұмылдырылды. Қаза болған кеншінің отбасына қайғырып, көңіл айтамыз және жан-жақты қолдаймыз», – деді Виктор Гафиулов.
Шахтадағы төтенше жағдайға байланысты жедел штаб құрылған. Мұны Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтері мен Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің тәжірибелі қызметкерлері жүргізеді. Оқиға орнына өңір басшысы Ермағанбет Бөлекбаев та жеткен.
«Шахта әлі өртеніп жатыр. Қазір біз бар күш-жігерімізді адамдарды іздеуге жұмсап жатырмыз, әзірше өртті сөндірумен айналысқан да жоқпыз. (…) Қазір есептеулер жүргізіп, блоктың жоғары бөлігіндегі түтінді азайту тәсілдерін жасадық. Себебі шахтаның 12 бөлімшесі қою түтіннің кесірінен адамдар болуы мүмкін жерлерге кіре алмады. Қорғаныс респираторы әрі қарай жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді», – деді «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан» шахтасында болған өртке байланысты Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.
Ақорданың хабарына қарағанда, Тоқаев Үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізуді тапсырды.
«Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайталанатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсетеді. Аталған жағдайлар олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді», – делінген Ақорда таратқан хабарламада.