«Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орындық білім ордасының құрылысы басталуда

208
Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Шөлдала» алқабының тұрғындарымен кездесті.
Бүгінде алқапта «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орындық білім ордасының құрылысы басталуда. Осыған орай тұрғындар мектеп құрылысына белгіленген жер аумағын өзге жаққа ауыстыру жөнінде ұсыныс жасаған еді. Дегенмен, қала әкімі бұл ұсыныстың қабылданбайтынын, оған бірнеше себеп бар екендігін айтып өтті.
– Біріншіден, сіздер көрсеткен жер аумағының астынан жоғары қысымды, халықаралық газ магистралінің құбыры өтуде. Бұл балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
– Екіншіден, сол жердің астымен су құбыры жүргізілген.
– Үшіншіден, ол аумақ теміржол торабына жақын орналасқан. Бұл да заңмен белгіленген нормаларға сай келмейді. Мектеп салудың да өз заңдылығы бар. Біз әуелі осыған баса мән беріп отырмыз. Әрине, сіздердің де алаңдаушылықтарыңыз орынды. Балалардың қауіпсіздігі – біздің басты назарымызда. Мектеп құрылысы аяқталған соң онда жаяу жүргіншілер жолы, жол, жарық орнатылады. Бұл мәселе әбден таразыға салынып, тиісті шешім нақты қабылданған. Дегенмен халықтың өтініш-тілегін тыңдауға арнайы келіп отырмын, – деген шаһар басшысы өзге мәселелер бойынша тұрғындар сауалына жауап берді.
Жиын барысында шөлдалалықтар заманауи мектептің өз аумақтарынан салынатындығына ризашылықтарын білдіріп, облыс,қала басшылығына алғыстарын да жеткізді.
Тараз қаласының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.