Облыс әкімі Тереңөзек ауылдық округі тұрғындарының мәселелерін тыңдады

101

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Т. Рысқұлов ауданына жұмыс сапары Тереңөзек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесумен басталды. Ауылдық округке Тереңөзек, Шолаққайынды, Көкарық елді мекендері қарайды.

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

Басқосуда ауылдықтар көкейлерінде жүрген бірқатар мәселелерді көтерді.

Атап айтсақ, оуругке қарасты елді мекендерге шағын саябақ салу, ауыл жастарын оқытып, кен орнына жұмысқа тарту, Жамбыл атындағы орта мектепті кеңейту, күрделі жөндеуден өткізу, мал жайылымдарын дезинфекциялық өңдеу секілді бірқатар мәселелер көтерілді.

Нұржан Нұржігітов барлық сұрақтарға облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып жан-жақты жауап берді.

Айта кетейік, округ аумағында кварцит өндірісі қолға алынуда. Кәсіпкер Бекасыл Төлендиев жоба аясында 100-ден астам жұмыс орны ашылатындығын, оған негізінен ауыл тұрғындары тартылатынын жеткізді.

Облыс әкімі аталған кәсіпкерге ауылдықтармен тығыз байланыста болып, олардың әлеуметтік мәселерінің шешілуіне мүмкіндігінше қатысып отыру керектігін айтты.

Сондай-ақ, жуырда ғана найзағай түсіп, жалпы 26 бас жылқысынан айырылған ауыл азаматарына кәсіпкерлердің демеушілігімен өтемақы ретінде 10 миллион теңге берілетін болды.

Бұдан бөлек, жиында оуруг орталығындағы Жамбыл атындағы 360 орынға арналған мектептің орын тапшылығы мәселесіне де айрықша назар аударылды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбеков округке қарасты Шолаққайынды, Көкарық елді мекендерінде бастауыш мектептері бар екендігін, бастауыш сыныптан кейін оқушылар Тереңөзектегі орта мектепке қатынап оқитынын жеткізді.

Басқарма басшысы Шолаққайындыға негізгі және Көкарыққа орта жаңа мектептер салу қажеттігін, сол арқылы округ орталығындағы мектептегі орын тапшылығы мәселесі шешілетіндігін атап өтті.

Аймақ басшысы басқармаға аудан әкімдегімен бірлесіп жаңа құрылыстың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді жеделдетуді тапсырды.

— Біздің міндетіміз — тұрғындарды жұмыспен қамтып, әр ауланың тұрақты табысының болуын қамтамасыз ету. Ол үшін ауылды жерлерде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру маңызды, — дей келе Нұржан Нұржігітов тұрғындар көтерген барлық мәселелер бақылауға алынатынын жеткізді.

Кезесуден соң азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.