Жамбыл облыстық филармониясына Кенен Әзірбаевтың есімі берілді

968

Жуырда жамбылдықтар жан жадыратар жаңалықтың куәсі болды.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 4-1) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысына сәйкес, Жамбыл облыстық филармониясына ақын-сазгер Кене Әзірбаевтың есімі берілді.

Жамбыл   облыстық  филармониясы  Жамбыл  қаласында Қазақ ССР Министрлер кеңесінің 1967 жылғы қараша айының 25 жұлдызындағы қаулысы негізінде  Жамбыл   облыстық  кеңесі еңбекшілер депутаттары атқару комитетінің 1968 жылғы қаңтар айының 30 жұлдызындағы шешімімен құрылды. 1997 жылғы қаңтар айының 15 жұлдызынан бастап  облыстық   филармония  «Баласағұн» орталық концерт залының ғимаратында өз жұмысын жүргізіп келеді.

1970 жылдардан  бері  облыстың түкпір-түкпірінен келетін таланттардың табан тірер жері  облыстық   филармонияға  да міне, 50 жыл толып отыр.

Кенен Әзірбаев (1884-1976) — қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі. Ол Жамбыл облысы Қордай ауданы Мәтібұлақ ауылында (қазіргі Кенен Әзірбаев атындағы ауыл) дүниеге келген. Оның қаламынан туған «Шөпке барғанда», «Құдалар», «Әли батыр», «Қырғызбай», «Кенебай-Кербез»,« Бұрынғы өткен батырлар», «Жалғыз қаз». «Жамбыл — жыр» атты толғау, дастандары бар. Екі мәрте Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

Сонымен қатар, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Қалалық мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Ықылас Дүкенұлы және Тараз қалалық білім бөліміне қарасты №10 орта мектеп Сағадат Нұрмағамбетов есімдерін иеленді.

Ал, Ықылас Дүкенұлы қазақ күй өнерінің құдіретін танытқан тұлға. Ал Сағадат Нұрмағамбетов еліміздің алғашқы Қорғаныс министрі болып, мемлекеттік деңгейде қызмет атқарған азамат. Бүгінгі таңда Жамбыл облыстық қазақ драма театрына атау беру мәселесі жиі көтеріледі.

Кезінде аталған театрға қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың есімін беру керектігі де айтылған. Алайда талай жылдан бері бұл мәселе шешімін таппай келеді. Ендігі жерде Жамбыл театрына да лайықты атау беріледі деген үміт бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.