ЖАЙНАЙ БЕР, ЖАСАМПАЗ ЖАҢАТАС!

556
25 маусым — Жаңатас қаласының құрылған күні!
1969 жылы 25 маусымда қала статусын алған Жаңатас қаласы бүгінде керегесін кеңінен жайып, шаңырағын биікке көтеріп, жыл өткен сайын жасарып келеді. Қазыналы аймақтың қазіргі келбеті көз тоярлықтай.
Іргетасының қаланғанына 54 жыл толып отырған қаланың дамуы қарқынды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазыналы Қаратаудың қойнауында бүгінгі Жаңатас қаласының іргетасы қаланды.
Поселка ретінде 1964 жылы бой көтеріп, 1969 жылдың 25 маусымы күні Жаңатас қаласы болып құрылды.
Қаратау таулы аймағында ең ірі «Жаңатас» кеніші ашылып, оны өндірістік тұрғыдан игеру қарқын алды.
Сол жылдары осы қаланың негізі қаланатын жерге Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Д.А.Қонаев, СОКП ОК хатшысы П.Н.Демичев, КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлары И.Т.Новиков, В.Э.Дымщиц, КСРО Министрлері Л.А.Костандов, Н.В.Голдиндер келіп, жаңа ашылып жатқан «Жаңатас» кенішімен танысты.
Міне, осы сәттен бастап қазыналы Қаратаудың екінші өмірі басталды.
Алға қарай қарышты дамыған, қалақұраушы кәсіпорын «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені, көптеген құрылыс мекемелері жас қаланың қанат жаюына үлкен ықпал етті.
Қойнауы қазыналы, жері шырайлы бұл өлкеде содан бері қаншама өзгерістер, қарқынды даму, қиын-қыстау күндер мен алға жылжу, қайта жаңғыру кезеңдері өтіп, бүгінде қала қайта өз көркін аша түсті.
Жасампаз ұрпақ қалыптасып, Жаңатас қаласы кеншілер қаласы болып еліміздің тарихында қалды.
Бүгінгі Жаңатас қаласы өзге де шағын қалалар тәрізді әртүрлі қиыншылықты көрді.
Алып мемлекет Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі тоқсаныншы жылдардың басында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы күрт төмендеп, өндіріс тоқтап, жұртшылықтың қаладағы жаппай көшуі басталған болатын. Өткен кезеңде сиқы қашқан қаланы қайта қалпына келтіру оңай болған жоқ.
Үкімет тарапынан қолдаулар көрсетіліп, аудан, қала басшылығы және қала тұрғындары Жаңатасты оңалтып, қайта гүлдендіруге бар күштерін салды.
Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы Жаңатас қаласын дамытуға ерекше серпін берді.
Жалпы ахуал оңға басты. Кәсіпкерлік сала өріс ала бастады. Босап қалған көпқабатты үйлер қайта жөндеуден өтіп, қала ішін абаттандыру жұмыстары қарқынды жүрді.
Жаңа балабақшалар салынып, мектептер күрделі жөндеуден өтті. Көшелер жөнделіп, жылу жүйелері қайта қалпына келтірілді. Ауыз су, газ мәслелері қолға алынып, нәтиже бере бастады.
Жаңатас қаласы қазір үлкен даму жолында. Шетелдік инвесторлар келе бастады. Соның бірі «ЕвроХим» компаниясы. Бұл алпауыт компания арқылы өндіріс орны ашылып, халықтың жағдайы жақсара түсті.
Қаланы абаттандыру, көріктендіру жұмыстары қолға алынып, қала келбеті айшықтанды.
Қорыта айтқанда, Жаңатастың болашағы жарқын, келешегі кемел екендігіне сенім мол.

Сарысу ауданы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.