БИНАЗАР БАБА КЕСЕНЕСІ ЖАНЫНАН ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫ АШЫЛДЫ

245
ХІХ-ғасырдың орта шенінде ауданымыздың қалыптасуына ұйытқы болған Биназар батыр қалың ағайынды отырықшылдыққа бет бұрғызып, бүгінгі күнге дейін аудан тұрғындарының игілігіне айналып отырған Биназар, Байбарақ, Көкжелек, Күшаман тоғандарын халыққа қол күшімен қаздыруға басшылық жасаған. Сол заманда қазылған каналдар осы кезге дейін аудан жерін суландырып келеді. Биназар баба өз халқын шөлде өмір сүруіне, бейбіт тіршілік пен жер өңдеуге байланысты тәжірибелік көмек көрсеткен. Әр жылдары баба ұрпақтары батыр бейітінің жанында ас беріп және абаттандырып қана қоймай, қосымша жайлар салуда.
Өткен аптада қиын-қыстау замандарда ағайынға қамқор болған батырдың рухына арнап, Сұңқар тауы аясындағы Биназар батыр кесенесіне тәу етіліп, үлкен ас берілді. Оған баба ұрпақтары мен аудан әкімі Әлихан Балқыбеков, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларынан, Шу, Қордай ауданынан келген қонақтар мен аудан тұрғындары қатысты.
Онда алдымен Биназар батыр ескерткіші жанынан, алыс-жақын ағайындардың көмегімен бой көтерген «Қонақжай» мен «Өлкетану» мұражайының ашылуы өтті. Ашылу салтанатында лента қию рәсімін «Биназар батыр» қорының төрағасы Сағат Алдабергенов пен аудан әкімі Әлихан Балқыбеков орындады.
Содан соң «Биназар батыр» қорының төрағасы Сағат Алдабергенов алғы сөз сөйлеп, қонақжай мен мұражайға атсалысқан ағайындарға және сырттан келген қонақтарға өз алғысын білдірді. Сонымен қатар аталған «Өлкетану» мұражайын керекті жәдігерлер, құнды заттар мен ауданның құрылуына атсалысқан азаматтар туралы деректер арқылы толықтыру қажет екенін тілге тиек етті. Ал, аудан әкімі Әлихан Балқыбеков баба рухына арналған астың қабыл болуын тілеп, жиналғандарды қонақжай мен «Өлкетану» мұражайының ашылуымен құттықтады.
Бұдан кейін Тараз қаласынан келген Қорабай ақсақал мен Шымкент қаласынан келген Әуезбай Бейімбет «Биназар батыр» қорының төрағасы Сағат Алдабергеновтің еңбегін бағалап, жылда кесене жанынан қосымша жайлар салынып жатқаны жанға жылулық беретінін айтып, бұның бәрі бірлік пен татулықтың арқасында екенін жеткізді. Содан кейін «Өлкетану» мұражайына арналаған қажетті құжаттарын өткізіп, Сынтас ауылынан шыққан сыйлы азамат Елубай Сарыпбековтің бейнеленген портретін табыс етті.
Келесі сөз кезегі ауданның төбе биі Жамбыл Қалыбаевқа берілді. Өз сөзінде Жамбыл Қалыбаев қор жетекшісімен бірқатар елді мекендерді аралап, алыстағы ағайындармен тілдескенін айтып, 1994 жылы қараусыз қалған жерді қамқорлығына алған Бағлан Қарашолақовтың ерен еңбегін атап өтті. Содан соң биназарлық ақын-сазгер Болатбек Әбішев өзінің арнау өлеңін оқыса, ал Оңтай Мүлкібаев баба рухына арнап құран бағыштады.
Үлкен жиында сырттан келген қонақтар мен аудан тұрғындары Биназар батырдың халқына тигізген ерен еңбегі мен ел қорғаудағы батырлығы туралы деректерге қарық болып, жаңадан ашылған «Қонақжай» мен «Өлкетану» мұражайын аралап көріп, үлкен астан дәм татты.
Қуаныш КӨБЕНҒАРАЕВ,
«Мойынқұм таңы».

Leave A Reply

Your email address will not be published.