БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

158
Айшабибі өңірінде елдің әлеуетін арттыратын, экономикалық даму барысына жол ашатын игі істер қолға алынғаны байқалады. Десе де ауыл тұрғындары кейбір өзекті мәселелердің біраз уақыттан бері шешімін таппауына байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Мәселен, тұрғындар үйді-үйге беріліп отырған таза ауызсу жүйесін реттейтін мұнараның ластануынан лай суды тұтынып отырғандарына қынжылған болатын. Осы секілді тұрғын үй бау-бақшаларға және егін егіп отырған шаруаларға Бошақай каналынан келетін су көлемі мүлдем аз екенін, бұрын республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, оны жасаған мердігер компаниялар сапаға мән бермегенін айтуда.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхтар Шайдаев пен депутат Алтай Стамқұлов осындай өзекті мәселелерді көзбен көріп, оның шешілуіне ықпал ету мақсатында өз сайлау округтерінде болып қайтты.
Әуелі Мұхтар Бекзатұлы мен Алтай Әбдіжапарұлы жол бойында соғылып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын аралап көріп, жұмысшылармен емін-еркін әңгімелесті. Олардың жалақысы көңілдерінен шығуы жайында сұрап, соғып жатқан құрылыс материалдардың сапалылығына мән беріп, жауапкершілікті сезінулерін талап етті.
Бұдан кейін халық қалаулылары ауылдық ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелерімен аталмыш су мұнарасына жол тартып, 1000 текше метр жиналатын судың тазалығына көз жеткізіп, су сорғылардың жұмыс істеу барысын көріп қайтты. Сонымен қатар қайтар тұста Мұхтар Бекзатұлы Бошақай каналын ретке келтіру, жол белгілері мен жүргінші жолақтарын жүргізу, 2011 жылдан бері соғылған мұнараны тазалау сияқты мәселелер бойынша комиссия құрамын бекітіп, зерделеу жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізді.
Жамбыл ауданы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.